Хабар

Қарағанды облысынан Токио Олимпиадасына баратын спортшылар белгілі болды

Қарағанды облысынан жеті спортшы 6 лицензия жеңіп алды. Қазақстанның паралимпиада құрамасына екі қарағандылық кірді. Токиода өтетін XXXI жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында облыс әкімі спортшылармен және олардың тәлімгерлерімен әңгімелесті. Кездесу онлайн форматта өтті, деп хабарлайды inform.kz.

Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев олимпиадалық лицензия иегерлерінің есімдерін атады.

«Жеті спортшымыз алты лицензия жеңіп алды. Олар: Абылайхан Жүсіпов (бокс), Эльмира Сыздықова (әйелдер күресі), Александра және Екатерина Немич (синхронды жүзу), Жансай Смағұлов пен Ислам Бозбаев (дзюдо), Мария Овчинникова (жеңіл атлетика). Біздің өңірден Паралимпиадаға спортшылар жеті лицензия жеңіп алды. Паралимпиада спорт комитетінің шешімі бойынша оның тек екеуіне квота берілді. Ұлттық құрамаға Дастан Мұқашбеков (жеңіл атлетика) және Әлия Рахымбекова (жүзу) кірді», – деді Темірхан Абылаев.

Жеңіс Қасымбек облыста спортқа ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Футбол алаңдары мен заманауи ДСК-лар салынуда, заманауи спорт нысандары тапсырылады, облыстың барлық ауылдары мен қалаларында спорт залдары жөнделіп жатыр.

Спортшылардың жалақысы артты. Олар медициналық қызметпен толық қамтамасыз етілген.

«Сіздер 1,5 жылдан бері күрделі жағдайда жаттығып келесіздер. Қазіргі жағдай бәрімізге әсер етеді. Бірақ осының барлығына қарамастан, біз сіздердің жеңістеріңізді асыға күтеміз және сіздерге үлкен табыс тілейміз», – деді аймақ басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Токиода жазғы Олимпиада ойындары 23 шілде мен 8 тамыз аралығында, Паралимпиада ойындары 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button