Армиялық балуандардың еншісінде «алтын» және «қола» медаль
Алматыда өтіп жатқан Олимпиада алдындағы Азия чемпионатында күрестің үш түрі бойынша Орталық спорт клубының нұсқаушы-спортшылары алтын және қола медальді жеңіп алды.
Грек-рим күресі бойынша турнирде 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде армиялық күресші Сұлтан Әсетұлы жеңімпаз атанды. Ақтық кездесуде ол Ираннан келген қарсыласы Мейсам Далханиді жеңді.
«Барлығы мен жоспарлағандай болды. Өте қуаныштымын. Халықаралық аренада Қазақстан Қарулы Күштерінің намысын қорғау мен үшін үлкен мәртебе. Бұл менің ересектер арасындағы үшінші жарысым. Алдағы уақытта қарқынды жаттығулар мен жаңа жарыстар күтіп тұр», – деді Сұлтан Әсетұлы.
Қола жүлде үшін өткен жарыста 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ОСК спортшысы Демеу Жадраев Түрікменстан балуаны Мұхаммедберді Мамедовты жеңді.
ОСК грек-рим күресі бойынша команданың аға жаттықтырушысы Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрым Дюсеновтың айтуынша, қазіргі таңда сайыста континенттің үздік спортшылары, халықаралық турнирлардың жеңімпаздары бақ сынауда. Сол себепті біздің спортшыларымыздың жетістіктері армия спорты үшін өте маңызды.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі