Ақмолада 1 миллион гектар жер игерусіз жатыр
Еліміздің барлық аймағында жайылым жердің тапшылығы аса өткір мәселе. Дегенмен кезінде «бармақ басты, көз қыстымен шұрайлы жерлерді бауырына басып қалған латифундистер шеңгелінен жерді мемлекет меншігіне қайтару аса қиынға соғып тұр. Иесіз жатқан жерлердің құнары кетіп, жайылым болатын жерлер құнарсызданып тіпті шөлейттеніп бара жатқанын ғалымдар да растап отыр. Тұтас ел аумағында жүргізілген ғарыштық мониторинг қорытындысы миллиондаған гектар алқаптардың игерусіз жатқанын айғақтады. Әсіресе Ақмола облысындағы мәселе аса күрделі жағдайда” деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыста бүгінде жайылым жерлердің жетіспеушілігі 400 мың гектардан асып жығылады. Ал игерілмей, қурай басып, құнарлылығы таусыла бастаған жерлердің көлемі 1 миллион гектардан асып кеткен. Мәселен, тек Біржан сал ауданында ғана 27 мың гектар жердің жоғарыдағы «көкелердің» меншігінде болса да игерілмей жатқаны анықталған. Есесіне, осы ауданға қарасты Қаратал, Баймырза, Шошқалы ауылдарында халық ұлтарақтай жайылым таппай құлындар өлі туып жатқанын жазғанбыз. Облыста бұл тұрғыда соттасып жатқан даулы жайлар жүздеп саналады. Бірақ игерілмесе де ашкөздікпен өзіне де, өзгенің пайдалануына да бермейтіндерге қарсы облыста жаңа жоба да бастау алыпты. Облыс прокуратурасы қолға алған тың жоба «Жер заң аясында» деп аталады. Аталған жоба шеңберінде облыс әкімдігі мен прокуратура арнайы жұмыс тобын құрған. Азаматтарды қабылдаулар ұйымдастырылып, халықпен кездесулер өткізу күн тәртібіне кірген.
“Жайылым жерлерінен айырылып қалған ауылдағы ағайынның құқықтарын қорғау мақсатында жер кодексіне және “Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы” заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама көтерілді”, – дейді Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Онда үлескерлердің шаруашылық серіктестіктері құрамынан шығуға, дивидендтер алуға, пай жерлерін кепілге қою кезінде дауыс берудің жаңа тәртіптерін шартсыз құқықтарын, сондай-ақ пай жерлерін кепілге қою кезінде дауыс берудің жаңа тәртібін бекіту ұсынылыпты. Мұнымен қоса, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жайылым жерлерді қысқартуға жол бермеу жөнінде нақты ұсыныстар енгізілген.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, бүгінде облыс аумағында жер заңнамасының бұзылу фактілері бойынша 6 бірдей қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізілуде. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында 67 мың гектардан астам 67 жер учаскелері қайтарылып, ауылда тұратын 175 жер үлесі бар азаматтардың құқықтары қорғалған.