Хабар

Балабақша педагогтерінің жалақысын көтеру қаралып жатыр

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істеп жүрген педагогтердің жалақысын өсіру бағытында тиісті іс-шаралар пысықталып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры Манара Адамова айтты.

21 ақпанда Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында балабақша педагогтерінің орташа жалақысы туралы сұрақ қойылды.

«Егер 5 жылға дейінгі еңбек өтілі бар және ең төменгі ІІ санаты бар балабақша педагогінің орташа айлығына тоқталсақ, шамамен 164-172 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, тәжірибесі жоқ, жұмысқа енді ғана орналасқан жас маманның жалақысы 94-120 мың теңге аралығында болады. Әрине, осы сомадағы жалақы тым аз екенін түсінікті. Сол себепті мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің табысын тағы да кезең-кезеңмен көтеруді қарастырып жатырмыз», – деді М. Адамова.

Осы орайда ол 2023 жылдың аяғына дейін мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің айлығын көтеру мәселесі қарастырылатынын айтты.

Айта кетейік, 2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешуді, сондай-ақ тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейтуді тапсырды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 97 408 педагог жұмыс істеп жүр. Оның ішінде ауылдарда 41 596 (42,7%), ал қалада 55 811 (57,3%) адам қамтылған.

Еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың 70 пайызға жуығы қазақ тілінде білім беріп жатыр.

Кейінгі 4 жылда балабақша кезегінде тұрғандар саны екі есеге азайды.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button