Демограф: Қазақстанда алдағы уақытта бала туу көрсеткіші төмендейді
Маман мұның бірнеше себебін атады.
Демограф Бәтжан Ақмолдина Айқын басылымына берген сұхбатында Қазақстанда алдағы уақытта бала туу көрсеткіші төмендейтініне болжам жасады. Оның бірнеше себебі бар.
“Алдағы уақытта белсенді туу жасындағы аналар мен әкелердің саны азая бастайды. Мысалы, 1998, 1999 жылдардағы қиын экономикалық дағдарыс кезеңінде баланың ең аз туу саны белгіленген. Сол ең аз туған жылғы балалардың жасы қазір 23-25-те. Олардың саны оның алдыңғы жылдармен салыстырғанда аздау. Сондықтан алдағы уақытта туу да азаяды”, – деді демограф.
Оның айтуынша, бала туу көрсеткішінің төмендеуіне Қазақстандағы некені қию жасының ұлғаюы да себеп. Репродуктивті жастардың туу белсенділігі бұрын 21-22 жаста болса, қазір 24-25 жаспен өлшенеді.
“Үшінші – экономикалық жағдай. 1999 жылғы бала туу санының аз болуына экономикалық дағдарыс әсерін тигізді. Сол секілді қазіргі экономикалық дағдарысқа байланысты бұрынғы жағдай ептеп қайталануы мүмкін. Қазір де инфляция жоғары, халықтың хал-ауқаты төмендеп, нақты табысы азайып жатыр. Осыған байланысты отбасылардың екінші, үшінші немесе кейінгі баланы сүю жоспары кейінге қалдырылуы мүмкін. Айталық, қазір үйленгеннен кейін көбі көп ұзамай балалы болады. Екінші баланы да арасында 1,5 жыл, не болмаса 3 жыл салып жоспарлайды. Ал үшінші баланы туу ол отбасыларда да экономикалық және әртүрлі әлеуметтік төлемге байланысты кейінге қалдырылады”, – деді Бәтжан Ақмолдина.