Хабар

Күзгі жөтел: Үйде емделудің бес тиімді тәсілі

Күзде ауа райы күрт суығанда суық тиіп, тамақ ауырып, күрк-күрк жөтел басталады. Жөтелді аурудың өзі емес, ағзаның қорғаныс реакциясы дейді. Жөтелдің екі түрі бар: құрғақ және дымқыл. Қандай жөтел болса да ауруды асқындырмай дәрігерге қаралған жөн. Алайда жөтелді үй жағдайында емдеп жазуға болатын бірнеше тәсіл бар. Байқап көріңіз.

Жылы сүт

Құрғақ жөтелді басудың ең қарапайым және қауіпсіз жолы – жылы сүт ішу. Сүтке сары май қосып ішсеңіз тамақты жұмсартады. Ал бал бал табиғи антисептик болғандықтан бактериямен күресуге көмектеседі. Ұйықтар алдында ішсеңіз тамақ жыбырлағанын азайтып, түнгі жөтелді басады. Жылы сүт жөтелді тыныштандырып қана қоймай, қақырықты сұйылтады. Күніне екі рет жылы сүтке бал не сары май қосып ішсеңіз жөтелді басып, қақырықты түсіріп, ағзадағы зиянды заттардың шығуына әсер етеді.

Сүттің құрамында май, ақуыз, қант пен В және С витаминдер, микроэлементтер бар. Сүт аурудан әлсіреген ағзаны күшейтіп, тыныс алу жолдарының шырышты қабығын жұмсартады. Тамақты жылытып, қыжылды азайтады. Құрғақ жөтелді басып, қақырықты түсіреді.

Пияз бен бал

Пияз бен бал – қысқа мерзімде жөтелді басып, тыныс алуды жақсартатын табиғи антибиотик. Балға аллергияңыз болмаса, бұл тәсілдің еш қаупі жоқ. Бір пиязды ашып, ұсақтап турап, бір-екі ас қасық бал қосып мұқият араластырыңыз. Ыдыстың қақпағын нығыздап жауып, үш сағатқа қалдырыңыз. Осы уақыт ішінде пияздан жеткілікті шырын бөлініп шығады. Шырынды сүзіп алып, сағат сайын бір ас қасықтан ішіңіз. Балаларға бір шай қасықтан беріңіз. Балдың орнына ұсақталған пиязға бір ас қасық қант қосуға болады. Қоспаны бір күн қойып қою керек. Бұл сиропты қақырық түсіру үшін қолдануға болады. Тамақтанар алдында 30 минут бұрын күніне үш рет бір ас қасықтан ішу керек.

Картоп буы

Құрғақ жөтел болса, ұйықтар алдында ингаляция жасаған дұрыс. Ингалятор аппараты болмаса мұқият жуылған картопты кәстрөлге қайнату керек. Ыдысты үстелге қойып, еңкейіп бумен тыныс алу қажет. Басыңызды сүлгімен қымтап алған жөн. Бірақ бұл тәсілді қолданғанда абай болған жөн. Бетіңіз ыстық буға күйіп қалмасын.

Балалар болса буға еңкейтпей-ақ, үстерін көрпемен қымтап жауып, орталарына қайнаған бір тостаған картопты қойсаңыз, ол да әсер етеді. Дене қызуы көтерілсе ингаляция жасауға болмайды.

Картоп буы тыныс алу жолын жұмсартып, қабыну мен ісінуді басады. Картоптан шығатын ыстық будың құрамында судан бөлек, фитонцидтер мен этиль спиртінің молекулалары бар. Ал этанол – жақсы еріткіш. Сол қасиетінің арқасында будағы пайдалы заттар тыныс алу жолдарына терең енеді. Фитонцидтер бактерияға қарсы әсер етеді. Жылы бу шырышты қабықты жылытып, тазартып, қақырықты түсіреді.

Шөп тұнбалары

Жөтелді басуға көптеген шөптердің тұнбасы жақсы әсер етеді. Кептірілген итмұрын шөбін алып, 5 ас қасығын 1 литр қайнаған суға салып 10-15 минуттай баяу қайнатыңыз. Оттан алып, 8-10 сағат тұндырыңыз. Тұнбаны сүзіп алып, күніне әр 2-3 сағат сайын бір стақаннан ішіңіз. Дәмі ұнамаса бір шай қасық бал, тосап немесе қант қосыңыз. Жөтел кеткенше ішуге болады.

Жөке (липа) гүлі де қақырықты оңай шығарып, жөтелді жазады. Жөке гүлі мен аюбадам шөбін аралатырып, екі ас қасығын бір стақан қайнаған суға салып отқа қоясыз. 5-10 минуттан соң оттан алып, қақпағын мықтап жабыңыз. Суыған соң сүзіп алып, ыдысқа құйыңыз. Емдік сусынды жылы күйінде екіге бөліп ішіңіз. Жөке тұнбасына бал немесе таңқурай қосып ішсеңіз, емдік қасиеті арта түседі. Жөке гүлін ғана қайнаған суға салып, тұндырып ішуге болады.

Құйрық май

Қазақта қойдың құйрық майын көп аурудың емі деп есептейді. Бала кезде суықты қайтарады деп денені құйрық маймен сылаушы еді. Құйрық майды ысытып, онымен алқым, арқа және екі табанды сылап шығу керек. Сылаған соң мейлінше қымтанып, көрпе қымтанып демалған жөн.

Жөтел басылмай қойса құйрық майды ерітіп ішуге болады. Майды еріткеннен кейін бірден пайдалансаңыз болады. Болмаса еріткеннен кейін үстіне су құйып, біраз қайнату керек. “Піскен” құйрық майға сарымсақ қосып, суығаннан кейін 4-5 шай қасық жұтып жіберу керек. Біраздан соң денеңіз жіпсіп, терлей бастайды. Құйрық май ішке барған соң қолқаны жібітіп, жанды қинаған жөтел қақырыққа айналады да, тамақтың ауырғаны басылып, жөтел кетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button