2025-2030 жылдары жұмыс істейтін адам қалмайды: Қазақстан халқы не үшін тез қартайып бара жатыр?
Еліміздің сегіз өңірінде қартаю процесі қарқынды жүруде. Онда жастарды үлесі тым аз дейді сарапшылар. БҰҰ зерттеуінше, алдағы отыз жылда егде жастағы азаматтардың қатары екі есе артып, 2050 жылы олардың саны 1,5 миллиардқа жетеді.
Қызылордалық Дәмеш Жанқожаеваның 25 немересі, 54 шөбересі және 10 шөпшегі бар. Жасы 97-ге келсе де, қимылы ширақ, жүрісі тың. Кейуана ұзақ жасаудың сыры – дұрыс тамақтануда деп есептейді. Бірақ қазіргі жастар салауатты өмір салтын ұстанбайды және табиғи өнімдерді тұтынбайды. Салдарынан денсаулықтары ерте сыр беріп, қартаю процесі де тиісінше тез жүреді, дейді.
“Көкеністерден гөрі ет жақсы. Ет деген қан береді, күш береді. Сосын суыққа тоңбайсың, қызу береді. Жұмыстан қашпау керек! Шаршадым демей, жастарға шаршауға болмайды!”, – дейді тыл ардагері Дәмеш Жанқожаева.
Қарттар саны көбейіп бара жатқанын мамандар да растап отыр. Біріккен Ұлттар ұйымының зерттеуіне қарағанда, Қазақстан бекітілген 7 пайыздық шекті еңсеріп, қарт Еуропаның көрсеткішімен теңесіпті.
“Бүгінгі күні Қазақстан бойынша халқының 7,4 пайызы 65 жастан асқан адамдар мен егде жастағы адамдар құрайды. БҰҰ зерттеуі бойынша 7 пайыздан асса ол қартаюға жататын елдерге жатады. Министрлік тарапынан іс-шаралар бекітілді. Аға буын адамдардың жағдайын жақсарту көзделуде”, – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы Гүлмира Жәкенқызы.
Еліміздің солтүстік-шығысы мен орталығында қартаю процесі кәрі құрлықпен ұқсас. Ал оңтүстік және батыс, Нұр-Cұлтанда керісінше көрсеткіш төмен. Десе де, сарапшылар елдегі әлеуметтік мәселелер оңалмаса, ертең жұмыс жасайтын жастар да қалмайды дейді.
Экономист Ләззат Жамолдаева әлеуметтік жағдайды жақсартуға, баланың дүниеге келуін жақсартуға толығымен жағдай жететінін айтады.
“2025-2030 жылдары жұмыс жасайтын адам да қалмайды. Мемлекет егер қартайғандар қатарына қосатын болса, қазаққа кім жұмыс жасап береді?”, – дейді ол.
Мамандар ер мен әйел арасында пайыз теңсіздігі қартайғанда байқалатынын айтады. Мәселен, әлемде егде жастағы адамдардың жартысынан көбі әйелдер екен. Ал Қазақстанда әйелдердің үлесі 51,5 пайыз, ерлер 48,5 пайыз құрап отыр, дейді. Дегенмен, туу көрсеткіші де жыл сайын өсуде.
“Елде соңғы уақытта бес жылда туу көрсеткіші жақсы, қалыпты көрінеді. 2019 жылы 400 мың бала дүниеге келсе, былтыр 425 мың бала дүниеге келді”, – дейді Гүлмира Жәкенқызы.
Сарапшылардың пікірінше, әзірге еліміз демографиялық қартаюдың бастапқы сатысында тұр. Қартаю процесінің алдын алу, оның салдарымен күресетін механизмдерді алдын ала жоспарлау қажет екенін айтады.
stan.kz(https://stan.kz/2025-2030-zhildari-zhymis-isteytin-teadam-kalmaydi-kaza-344734/)