2023 жылы жемқорлық дерегін хабарлаған адам 13,8 млн теңге сыйақы алады
Бұл сыйақы пара сомасы 1 мың АЕК-тен асатын сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамға беріледі.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсеткен адамдарға біржолғы ақшалай сыйақы қарастырылған. Оның ережелері Үкіметтің №1131 қаулысында жазылған.
Параның немесе келтірілген залалдың сомасы, ұсынылған жеңілдіктердің, көрсетілген қызметтердің құны 1 мың АЕК-тен (2023 жылы 1 АЕК – 3 450 теңге) аспайтын немесе залалы жоқ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы мынадай мөлшерде белгіленеді:
сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК (103 500 теңге);
онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК (138 000 теңге);
ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК (172 500 теңге);
ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК (241 500 теңге);
аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК (345 000 теңге).
Ал пара немесе келтірілген залал сомасы, ұсынылған жеңілдіктер, көрсетілген қызметтер құны 1 мың АЕК-тен асатын сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамға пара немесе келтірілген залал, ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер сомасының 10 пайызы көлемінде сыйақы беріледі. Бірақ ол 4 мың АЕК-тен (13,8 млн теңге) аспайды.
Біржолғы ақшалай сыйақыны ала алмаған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы органға өтініш жазу қажет. Бұл жағдайда адамға алғыс жариялануы немесе грамота берілуі мүмкін.
Дереккөз: informburo.kz