2023 жылы коммуналдық қызметтер бағасының өсуіне не себеп?
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілі түсіндірді.
Биыл тарифтердің өсуіне екі фактор әсер етіп отыр. Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында айтты.
“Біріншісі – электр энергиясын өндіру бағасының өсуі. Бұл стансаларда жаңа қуаттар өндіруге және қолда бар тапшылықты азайтуға мүмкіндік береді. Екінші фактор заңға сәйкес енгізілетін инновацияларға байланысты. Бұл бірінші кезекте инженерлік инфрақұрылымның тозуын азайтуға, табиғи монополиялар саласындағы қызметкерлердің жалақысын арттыруға, иесіз желілерге жұмсалатын шығыстарды өтеуге қатысты”, – деп түсіндірді Нұрлан Болатбаев.
Комитет өкілі қазір желілердің тосу деңгейі артқанын, бұл ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігіне әсер ететінін атап өтті. Алайда, әзірге тарифтердің белгілі бір өсуі туралы айтуға ертерек екенін жеткізді.
“Өйткені әрбір жағдай инженерлік инфрақұрылымның техникалық жағдайына және өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты жеке қаралатын болады. Сондай-ақ бұл табиғи монополиялар субъектілерінің өтінімдерін беруге байланысты және біз олардың деңгейінен шығатын боламыз. Өтінімдер біртіндеп келіп түседі және тарифтердің өсуі “Табиғи монополиялар туралы” заң аясында қабылданған жаңалықтарға байланысты болады. Тарифтердің қашан көтерілетіні өтініш беруге байланысты. Десе де, біздің болжам бойынша, тарифтердің өсуі энергия өндіруші ұйымдардағы бағаның өсуіне, желілердің тозу деңгейіне, өңірдің қажеттілігіне және табиғи монополиялар субъектілерінің өтінімдеріне байланысты орташа есеппен 10-20 пайызды құрауы мүмкін”, – деді ол.
Нұрлан Болатбаевтың айтуынша, тарифтердің өсуі 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бұл тарифті бірден 2-3 есе арттыруға жол бермеу үшін қажет.
“Біз тұтынушылардың әлеуметтік және экономикалық жағдайына назар аударамыз”, – дейді комитет өкілі.