Әйел, шахтер және мүгедектігі барлардың зейнет жасы төмендеуі мүмкін
Ералы Тоғжанов бұл мәселенің күн тәртібінде тұрғанын айтты.
Үкіметте кейбір санаттағы азаматтар үшін зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі қаралады, деп мәлімдеді премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Вице-премьер депутаттардың кенші, өндіріс қызметкерлері және мүгедектігі бар азаматтардың зейнетке шығу жасын қысқарту туралы өтінішіне қатысты пікір білдірді.
“Иә, санаттар өте көп. Мәселе қаралатын болады. Объективті түрде айтар болсақ, мәселе оңай емес. Біз халықаралық тәжірибені ескереміз. Халықаралық тәжірибе жалпы зейнет жасын төмендету керек деп тұрған жоқ. Бұл мәселені кеншілер ғана емес, мүгедектігі бар бала асырап отырған ата-аналар да көтеріп отыр. Әлеуметтік кодекс жыл соңына қарай әзірленеді, сол себепті бұл мәселе талқылауға шығарылады деп ойлаймын”, – деді Ералы Тоғжанов.
Мұнымен қатар, ол әйелдердің де зейнет жасын төмендету мәселесі қаралып отырғанын айтты.
Бүгінгі таңда әйелдердің зейнетке шығу жасы 2027 жылға дейін – 60-61 жас. Мәселе күн тәртібінде тұр. Талқылайтын боламыз”, – деп сендірді премьер-министрдің орынбасары.