Хабар

Қазақстандық ғалымдар су тасқынын алдын ала болжайтын планшет жасап шығарды

Сондай-ақ, университет ғалымдары агрономға арналған планшет жасады.

Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары су тасқынын болжау жүйесін және агрономға арналған планшет әзірледі. Электрондық ресурс су тасқынына мониторинг жүргізіп, болжауға мүмкіндік береді. Жүйе инфрақұрылым объектілерінің цифрлық, координаттық және картографиялық деректерін қамтиды, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

“Шығыс Қазақстан облысында белгілі бір кезеңде өзендер арнасынан шығып, кенттер мен тұрғын үйлерді су басу қаупі туындайды. Сондықтан біздің алдымызда өзендердегі су деңгейін бақылау тиімділігін арттыратын және маусымдық су тасқынын болжауға мүмкіндік беретін кешенді ақпараттық-талдау жүйесін әзірлеу міндеті тұрды. Өзен гидравликасын және ықтимал су басу аймақтарын дәл модельдеу үшін біз MIKE бағдарламалық кешенін, сондай-ақ, ArcGIS, QGIS, NextGIS заманауи геоақпараттық жүйелерін пайдаланамыз. Олар төтенше жағдайды болжау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде біз су тасқыны мен елді мекендерді су басудың алдын алу үшін қажетті толық ақпарат аламыз”, – деп атап өтті ШҚТУ ғалымы, PhD докторы Маржан Тогузова.

Сондай-ақ, университет ғалымдары агрономға арналған планшет жасап шығарды. Технология агрономдарға ауыл шаруашылық алқаптарындағы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді, соның негізінде ықтимал тәуекелдерді ескеріп, экономикалық тиімді шешімдер қабылдауға болады.

“Агрономға арналған планшет” – үйде де, далада да жұмыс істеуге арналған әмбебап қосымша. Бұл ауыл шаруашылық жұмыстарында портативті электрониканың артықшылықтарын пайдалануға мүмкіндік береді. Өрістер тарихы, карталар, анықтамалықтар және басқа құжаттардың мұрағаттарда сақталуы мамандардың шешім қабылдау процесін жеңілдетеді. Қосымшада, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы алқаптарының жай-күйі туралы ақпарат және егіс жұмыстарын одан әрі жоспарлау жөніндегі ұсынымдар бар”, – деді техника ғылымдарының докторы Валентина Колпакова.

Еске салсақ, министр Асхат Аймағамбетов ұлттық ғылыми кеңес құрамының жартысынан астамы ғалымдар болатынын мәлімдеген еді. Бұрын кеңес құрамында мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері көп болатын.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button