Қазақстандағы ең жас әкім неше жаста?
Ranking.kz сарапшылары облыс әкімдерінің орташа жасы туралы зерттеуін ұсынды.
Еліміздің ең қарт әкімі Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысын басқарады. Әкімнің жасы – 68,6 жас. Екінші және үшінші қатарда жаңадан құрылған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев (60,1 жаста) пен Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов (59,7 жаста) болды.
Ең жас әкім – Мұрат Әйтенов (41,2 жаста). Ол республикалық маңызы бар Шымкент қаласын басқарады. Бұл қатарда Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов (43,5 жас) пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов (44,1 жас) бар.
Еліміздегі ең жас әкім Мұрат Әйтенов 38 жасында қызметке кірісті. Әйтеновтің лауазымындағы қызмет мерзімі – 3 жыл. Атырау және Павлодар облыстарының әкімдері де қызметке кірісу кезінде ең жас әкімдердің қатарында болды.
Шығыс Қазақстан облысын басқарып отырған Даниал Ахметов бұл қызметте 8,2 жыл (ең ұзақ мерзім) қызмет етіп келеді. Ол облыс әкімі қызметіне 60 жасында тағайындалды.
Ең қысқа қызмет мерзімі әзірге елорда әкімі Жеңіс Қасымбек пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевта. Екі әкім де жақында, 2022 жылдың 8 желтоқсанында қызметке кірісті.