Хабар

Халық санағы – 2021. Қашан және қалай өтеді?

Қазақстанда кезекті халық санағы 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында өтеді. Санақ ұраны – “Қазақстанда әркім маңызды”.

Ұлттық статистика бюросы биыл санақты өткізу процесі автоматтандырылғанын және оған заманауи сандық технологиялар енгізілгенін хабарлады.

Онлайн және офлайн

Биыл сауалнама парақтарын онлайн режимде өз бетінше немесе үй-үйді аралау кезінде офлайн толтыру мүмкіндігі қарастырылған. 1 қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz сайты жұмысын бастайды, мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн режимде сұрақтарға жауап бере алады.

Ал дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында өтеді және ол белгіленген мерзім ішінде санаққа онлайн қатыспаған респонденттер арасында жүргізіледі. Бұл кезеңнің жаңалығы – интервьюерлердің үй аралау кезінде электронды планшет қолданады. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ, интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Sanaq.gov.kz қалай жұмыс істейді?

Жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез-келген уақытты таңдай алады, сондай-ақ сайтта бланкты толтыруды тоқтату және оны толтыруды кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі болады.

Сонымен қатар, egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады, ол арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны қолданып, санаққа қатысады.

Мобильді азаматтар үшін Aitu мобильді қосымшасы арқылы Ұлттық санаққа қатысу мүмкіндігі ұсынылады.

Неше сұрақ қойылады?

2021 жылғы ұлттық санақ кезінде барлығы 87 сұрақ (негізгі 67 сұрақ және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақ) қойылады. 2009 жылғы санақта 73 сұрақ болған. Биылғы санақта көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтар аясы кеңейтілген. Сондай-ақ, БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы жөніндегі Вашингтон тобымен ұсынылған жаңа сұрақтар қосылды, мұнда мүгедектік критерийлерін ескеріп, денсаулық сақтау статистикасы аясында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ету көзделген.

Сall-орталық қызметі тегін

Ұлттық санақ кезінде 1446 бірыңғай call-орталығы жұмыс істейді. Ол елдің барлық аумағындағы мобильді және стационар телефондар үшін бірыңғай нөмір болады. Сондай-ақ, 8 8000 800 878 нөмірі жұмыс жасайды. Сall-орталыққа қоңырау шалу тегін.

Респондент call-орталыққа 1446 нөмірі бойынша қоңырау шалған кезде кейбір айқын сұрақтар бойынша Бюроның аймақтардағы және Орталық аппараттағы сәйкесті телефон нөмірлеріне автоматты түрде қосулар жүргізіледі.

Сонымен қатар, респонденттер кез-келген арыз-сауалмен немесе кеңес алу үшін Бюроның stat.gov.kz интернет-ресурсына, Бюро басшысының блогына, сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы (YouTube, Facebook, Instagram, Telegram) жүгіне алады.

informburo.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button