Хабар

Қарағанды облысында су тасқынына дайындық жұмыстары жанданды

Қарағанды облысында биылғы қыста қар аз болды. Алайда өткен аптада жауын-шашын біраз жауып тастады. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек су тасқынына дайындықты ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Дайындық онлайн режимінде аппараттық кеңесте талқыланды.

“Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілді, оған сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Аймақтық штаб құрылды. Су басу қаупі бар 158 елді мекен ерекше бақылауға алынды. Халыққа жадынамалар тарата отырып, профилактикалық рейдтер бастадық. Қалалар мен аудандарда материалдық-техникалық құралдардың қоры ұлғайтылады. Космомониторинг жүргізуге шарт жасалды. Өзендердегі мұзды жаруға жарияланған конкурс тендерлік процедуралар сатысында тұр”, – деді облыстық ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.

Оның айтуынша, елді мекендерден 523 мың текше метр қар шығарылды. Бұл жұмыс жалғасуда. Наурыз айының ортасына дейін автомобиль және темір жолдардағы су шаруашылығы құрылыстарының, су өткізу құбырларының жай-күйін тексеру жоспарлануда.

«Қазгидромет» және ТЖД қызметкерлері өзен бассейндеріндегі қардың деңгейін өлшейді.

3–4 наурызға «Көктем-2022» республикалық оқу-жаттығуы жоспарланған, деп хабарлады Мұрат Қатпанов. Ведомство басшысының мәліметінше, жеке құрамның 9030 қызметкері, авариялық-құтқару және басқа да жұмыстарға арналған 2 500-ге жуық техника дайындық режимінде тұр.

“Соңғы аптада қар көп жауды. Әлі де жауын-шашын болады деп күтілуде. Қалалар мен аудандардың әкімдері қар шығару жұмыстарын жандандыруы қажет. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына барлық су шаруашылығы құрылыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын”, – деді Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Проверьте также
Close
Back to top button