Хабар

Індетпен өткен бір жыл: Қарағанды облысында коронавируспен күрес қалай өтті

Бір жыл бұрын Қазақстанда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың алғашқы жағдайлары тіркелді. Қарағанды облысында алғашқы екі жағдай 2020 жылдың 18 наурызында анықталды. Бұл елордадағы қиындықтарға байланысты Қарағандыға қонған Минск – Нұр-Сұлтан ұшағының жолаушылары болды.

Жаһандыщ індет өңірімізде неден басталды және облыста COVID-19 таралуына қарсы күрес қалай жүрді – бұл туралы біздің шолу материалымызда.

Вирустық қауіпке қарсы алдын-алу шаралары қаңтар айында басталды. Облыс әкімінің орынбасары бастаған өңірлік штаб құрылды. Алдын алу іс-шараларының кешені әзірленді. Медицина қызметкерлері коронавирус анықталған жағдайда іс-қимыл бойынша оқытудан өтті. Облыста провизорлық және карантиндік госпитальдар дайындалды.

15 наурызда елде Мемлекет басшысының Жарлығымен Төтенше жағдай режимі енгізілді. Полиция қызмет атқарудың ерекше режиміне көшті.

Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен қатаң шектеу шаралары енгізілді. 20 наурыздан бастап ірі сауда үйлері, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, түнгі клубтар, фитнес-орталықтар, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары және басқа да мекемелер жұмысын тоқтатты. Дүкендер мен супермаркеттер қысқартылған жұмыс күніне – 10.00-ден 20.00-ге дейін ауысты.

30 наурыздан бастап коронавирустық инфекция жағдайына байланысты облыстың бес қаласында: Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай және Теміртау қалаларында карантин енгізілді. Сол кезде облыс орталығында COVID-19 жеті жағдайы анықталды. Серіктес қалалардың көптеген тұрғындары күн сайын Қарағандыға жұмысқа және басқа да шаруаларымен келетінін ескере отырып, карантин аймағын кеңейту туралы шешім қабылданды.

Эпидемияның алдын алуға көп күш жұмсалды. Облыста инфекциялық және санитарлық қызметтердің материалдық базасы айтарлықтай нығайтылды. Денсаулық сақтау бюджеті де едәуір өсті.

Алғашқы медициналық көмекті күшейту және сырқаттанғандарды ерте анықтау үшін облыста 288 мобильді емханалық бригада құрылды. Олар үшін қосымша 122 автокөлік сатып алынды.

Жедел жәрдемнің санитарлық автокөлік паркі толықтай жаңартылды. Шалғай ауылдарда жұмыс істеу үшін тоғыз жылжымалы медициналық кешен алынды.

Облыста ПТР-тесттер өткізетін қосымша зертханалар ашылды. Нәтижесінде жалпы қуаттылық тәулігіне 11 мыңға жуық зерттеуді құрады.

Дәріханалар, ауруханалар мен емханалар үшін дәрі-дәрмектер қоры толықтырылды. Облыста 1 млрд теңгеге аса сұранысқа ие дәрілік препараттардың тұрақтандыру қоры құрылды. Диспансерлік есепте тұрған созылмалы аурулары бар пациенттерді үш ай бұрын қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етті.

2020 жылы жұқтырған адамдарды емдеуге арналған төсек-орын қоры үш есе өсті. Барлық кезеңде 45 госпиталь құрылды. Жезқазғанда 200 төсектік жаңа модульді госпиталь салынды. Қалалар мен аудандарда инфекциялық стационарлар жөнделіп, жаңа жабдықтармен жарақтандырылды.

Медициналық инфрақұрылым жақсартылды. BizBirgemiz қағидаты бойынша кәсіпкерлер көмек көрсетті. 364 ӨЖЖ аппараты, 2 500 оттегі концентраторы, 2 600 пульсоксиметр, 40 сандық рентген аппараттары сатып алынды. 25 госпитальде медициналық газ берудің орталықтандырылған жүйесі орнатылған – барлығы 710 нүкте. 22 компьютерлік томограф жұмыс істейді.

2021 жылдың бірінші ақпанында облыста коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация басталды. Вакцинация орталықтары жұмыс істей бастады. Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында ресейлік “Спутник V” препаратының өндірісі іске қосылды. Covid-19-ға қарсы алғашқы екпе медицина қызметкерлеріне жасалды. Содан кейін мұғалімдер вакцина егу найқанына қосылды. Қазір қауіп-қатер тобындағы тұрғындар үшін мүмкіндік пайда болды, вакцинацияға жазылу емханаларда жүргізілуде.

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button