Қарағанды облысында мерзімі елу жыл бұрын өтіп кеткен газ баллондар қолданыста жүр
Қарағанды облысы Саран қаласында газ тасымалдаушы компания соңғы рет 1973 жылы тексерілген баллонды қолданысқа берген. Оның мерзімі 1978 жылы аяқталған.
Қала тұрғыны Станислав Мазур газ баллонына бір айдан аса уақыт бұрын тапсырыс берген, бірақ келгенде оның металл белгісі жоқ екенін аңғарған. Шын мәнінде, бұл құрылғы жарты ғасыр бұрын жасалған екен. Ал соңғы рет 1973 жылы кәдеге жараған.
“Саран қаласының барлығы дерлік осындай газ баллонын қолданады. 3 компания жұмыс істейді. Бірінікін бірі алып, алмастырып жүре береді. Сондықтан қай компанияға тиесілі екенін нақты айта алмаймын. Қазақстанда “газ баллоны жарылды” деген ақпартты жиі естиміз. Бірақ әрқашан кінәлі біз – қарапайым халық”, – дейді Саран қаласының тұрғыны Станислав Мазур.
Саран тұрғындарына газ тасымалдайтын кәсіпкерлер түсініктеме білдіруден бас тартты. Ал Қарағандыда ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан “Алемгаз” компаниясы өкілдерінің айтуынша, баллондар 5 жыл сайын тексеріліп отыруы керек екен. Сонымен қатар, оларды лицензиясы бар компаниялар ғана куәландыруға құқылы.
“Баллонды сатып алмастан бұрын ең алдымен куәләндіру таллонына зер салу керек. Оның нөмірі болуы керек, сақтау мерзімі көрсетілуі керек. Әр 5 жыл сайын тексерістен өтіп тұрады”, – дейді еңбекті қорғау және қауіпсіздік инженері Маржан Давлетова.
Баллонның тексеруден өткенін анықтаудың ең оңай жолы – бояуына назар аудару. Тексерілген баллон міндетті түрде қызыл түске боялады. Егер оның металл белгісі болмаса, мерзімі өтіп кетсе, бояуы да соған сай көрініп тұрады. Көлікте компания атауы болмаса және чек берілмесе, бұл да алаңдауға бір себеп. ТЖ басқармасының бастығы тұрғындар баллонды тексеріп алуы керек екенін айтады.
“Мұндай төлқұжаты жоқ баллондардан бас тарту керек. “Маған тексерілген, куәләндіру таллоны бар баллон бер” деп талап етіңіздер. Сонда компаниялар да әрекет ете бастайды. Шынымды айтсам, газ баллоны төңірегінде даулы мәселе көп. Біз бақылау жүргізе алмаймыз. Көлеңкелі сауда деуге де болады”, – дейді Қарағанды қаласы ТЖ басқармасының бастығы Нұрлан Шәкенов.
Газ баллондарын бақылау әкімдіктерге жүктеледі. Бірақ шенеуніктердің пәтерлерді тексеруге құқығы жоқ және жеке бизнеске араласа алмайды.
Дереккөз: massaget.kz