Қарағанды облысында биыл 47 мектеп жаңғыртылады
Қарағанды облысында 2025 жылға дейін 20-ға жуық жаңа мектеп салу жоспарланған. Өткен жылдан бастап ауылдар мен шағын қалаларда оқу орындарын жаңғырту басталды. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы мұғалім тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі, деп жазады inform.kz.
Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова өткен жылдың өзінде ауыл мектептеріне 200-ге жуық жоғары оқу орындарының түлегі жұмысқа орналасқанын хабарлады. Биылғы жылдың қорытындысы қыркүйектің ортасына қарай шығады.
«Әсіресе ауылдық жерлерде педагогтардың тапшылығы мәселесін шешу бойынша шаралар қабылдау қажет. Өңірлер әкімдерінің міндеті – жас мамандарға жағдай жасау. Жоғары оқу орындарының түлектері ауылға қайтуы үшін бірінші кезекте тұрғын үй, тұрмыстық мәселелерді шешу қажет. Бүгінде өңірде барлық жөндеу жұмыстарымен 143 білім беру нысаны қамтылған. Оқу жылы басталғанға дейін барлық жұмыстар аяқталуы тиіс. «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасы аясында жұмыс жүргізілуде. 2025 жылға дейін қалалар мен аудан орталықтарында 20-ға жуық, соның ішінде апатты мектептердің орнына мектеп салу жоспарлануда», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек аппараттық кеңесте.
Гүлсім Қожахметова ұлттық жобаны іске асыру барысы туралы толығырақ баяндады.
Оның айтуынша, өткен жылы облыста 61 мектеп жаңғыртылды, биыл 47 мектеп пайдалануға беріледі.
Қаражат күрделі және ағымдағы жөндеуге, кітапханалар мен асханаларды қайта жабдықтауға, жиһазды жаңартуға, пәндік кабинеттерді жарақтандыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бөлінген.
Өңірдегі бүкіл 410 мектепте бейнебақылау камерасы орнатылған. Инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалып жатыр.
Өткен оқу жылында қарағандылық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда әртүрлі дәрежедегі 42 медаль жеңіп алды.
PISA тестінің нәтижесі бойынша мектептегі білім сапасын бағалау осы жылдың желтоқсан айында белгілі болады.
Ұлттық жоба балабақшалардың, үйірмелер мен секциялардың қолжетімділігін қамтамасыз етуді, колледждерде тегін кәсіптік білім алу мүмкіндігін де көздейді.