«Қарағанды – Алматы» тасжолында жолаушыларға қызмет көрсететін 9 бекет салынады
Қазір «Қарағанды – Алматы» тасжолы салынып жатыр. Жолмен қатар ондағы инфрақұрылымды дамыту мақсатында аталған бағытта 9 жол бойы бекеті бой көтермек. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.
«Елімізде жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту өте маңызды. Оның үстіне бүгінде ішкі туризм ілгерілеп келеді, осы орайда жол мен ондағы инфрақұрылымның болуы шарт. «Қарағанды- Алматы» тасжолында 9 бекет салу қаралып жатыр. Қазіргі уақытта инвесторлар бекет салатын жерді белгіледі. Жол бойы бекеттері ұлттық стандартқа сәйкес жоғары санатта салынады. Яғни «А» санатында. Ол жерде жанар-жағармай құю бекетінен бөлек, тамақтану орындары, техникалық қызмет көрсету орталығы және кемпинг (автотуристерге арналған жазғы лагерь) болады», – деді Бейбіт Атамқұлов Үкімет үйінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, министр жол бойындағы сервистердің қай учаскелерде орнатылатынын айтты.
«Аталған жол бойы бекеттері Ақсу-Аюлы, Бурылбайтал, Құрты және Қапшағай жол учаскелерінің бойына орнатылады. Бүгінде еліміз бойынша 120 жол бойы сервисі жұмыс істеп тұр. Оның 60-ы ұлттық стандартқа сәйкес келеді. Біз жергілікті атқару органдарымен бірлесіп бұл бағыттағы жұмысты жалғастыратын боламыз, – дейді ол.
«Қарағанды- Алматы» тасжолын 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.