Соңғы бес жылда синтетикалық есірткі тұтынатын балалар мен ересектер саны 14 есе артқан
Соңғы бес жыл ішінде синтетикалық есірткіні тұтынатын балалар мен ересектер саны 14 есе өсті. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған 2023-2027 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы туралы құжатта көрсетілген.
«2022 жылғы 1 шілдедегі дерек бойынша психоактивті заттарды пайдалану салдарынан «психикалық мінез-құлық бұзылыстары» диагнозы қойылып, бақылауға алынған 18 бен 29 жас аралығындағы 6 мыңнан астам қазақстандық бар. Олардың 46%-ы есірткі және психотроптық заттарды қолдану салдарынан осы хәлге душар болған. Синтетикалық есірткілерді тұтынатын адамдар санының айтарлықтай өсу үрдісі байқалады. Бес жыл ішінде бұл контингент балалар мен ересектер арасында 14 есе өсті. Қазақстан жастары арасындағы аса маңызды әлеуметтік проблема — суицидтің таралуы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау мәліметі бойынша 2019 жылы Қазақстан елдер арасында суицид деңгейі бойынша 20-шы орында. 2019 жылы 3 738 суицид жағдайы тіркелді», – делінген құжатта.
Тұжырымдамада жазылғандай, соңғы бес жылда 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында қайғылы аяқталған суицидтер саны 13,3 пайызға, ал өз өзіне қол жұмсауға оқталу фактілері 37,1 пайызға өскен.