ҰБТ-ға дайындалуға арналған тегін онлайн тестілеу іске қосылды
Ерекше қажеттілігі бар балаларға ҰБТ тапсыру кезінде қосымша 40 минут беріледі.
БҒМ ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін сынақ тестілеуін іске қосты. Тестілеуден орталықтың сайтында осы сілтеме(https://prob-ent.testcenter.kz/#/login) арқылы онлайн режимде өтуге болады. Ол үшін тест тапсырушы:
* ЖСН енгізеді;
* бейіндік пәндер комбинациясын таңдайды.
Сынақ талапкерлерге тестілеуге дайындығын жақсартуға және қандай тақырыптарды тереңірек зерделеу керегін түсінуге көмектесу үшін жасалған.
“Бұл жүйе тегін және талапкерлердің бәріне қолжетімді. Тестілеуден өту кезінде талапкер тест тапсырмаларымен танысып, таңдалған пәндер бойынша өзінің білім деңгейін тексере алады. Сондай-ақ, биыл ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнайы жағдай жасалып отыр. Оларға ҰБТ тапсыру кезінде қосымша 40 минут беріледі. Одан бөлек, биыл ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін алғаш рет суретсіз, сызбасыз және диаграммасыз тапсырмалар әзірленді”, – деді БҒМ ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Биылғы ҰБТ-ның тағы бір жаңалығы – әр пәнге жеке тақырыптық талдау жүргізіледі. Сондай-ақ, ҰТО ҰБТ-ға дайындық бойынша тегін онлайн сабақтардың санын көбейткен.
Онлайн сынақ тестілеуі ұлттық біліктілік тестілеуін тапсыратын педагогтер үшін де қолжетімді. Сынақ тестілеу технологиясы негізгі тестілеуге сәйкес келеді, яғни педагогтер 2 блок бойынша тест тапсырады. Оның көмегімен мұғалімдер өздерінің біліктілік деңгейлерін тексеріп, негізгі біліктілік сынағына дайындалады. Мұғалімдер ҰТО сайтында(https://prob-nqt.testcenter.kz/#/login) сілтемесі арқылы сынақтан өте алады.