Қазақстанда қызғалдақтың 18 түрін ғана жұлғандарға жаза бар. Бірақ, оны неге мүлде жұлуға болмайды?
Бір қызғалдақты жұлу оның бір емес, 70-80 жылдық ғұмырын үзеді.
Мәселенің мәнісі. Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтар гүлдеді. Ол – Грейг қызғалдағы. Оны “гүл патшасы” деп те атайды. Себебі, осы уақытқа дейін одан табиғи сұрыптау және будандастыру әдістері арқылы қызғалдақтың 300-ге жуық мәдени сорты алынған. Қызғалдақтың бұл сорты Қазақстанның тек Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында кездеседі. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде адамдардың жұлынған қызғалдақпен бірге түскен суреттері мен видеолары көптеп жарияланып жатыр.
Қазақстанда қызғалдақтың қандай түрлері өседі? Қызғалдақтар Қазақстан аумағында осыдан 10 миллионнан астам жыл бұрын пайда болған. Әлемде қызғалдақтың 3 мыңға жуық түрі бар болса, елімізде 35 түрі өседі. Оның тең жартысы – сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар гүлдер. Соның қатарында 18 түрлі қызғалдақ Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Олар:
Биберштейн қызғалдағы;
Альберт қызғалдағы;
Борщов қызғалдағы;
Грейг қызғалдағы;
Зинайда қызғалдағы;
Кауфман қызғалдағы;
Колпаковский қызғалдағы;
Қысқа аталық қызғалдағы;
Леман қызғалдағы;
Дарагүлдер қызғалдағы;
Островский қызғалдағы;
Кеш қызғалдақ;
Жатаған қызғалдақ;
Алакүлте қызғалдағы;
Регель қызғалдағы;
Күмәнді қызғалдақ;
Шымған қызғалдағы;
Шренк қызғалдағы.
Қызғалдақты неге жұлуға болмайды? Қазақстан заңнамасында нақты қызғалдақтарды жұлу-жұлмауға қатысты тәртіп жоқ, бұл мәселе Қылмыстық кодекстің 339-бабымен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) реттеледі. Оған сәйкес, Қазақстанда өсетін 35 түрлі қызғалдақтың Қазақстанның Қызыл кітабына енген 18 түрін (тізім жоғарыда) жұлған жағдайда, жаза қарастырылған.
Бірақ, қызғалдақтың қай түрі болмасын, жұлу оның популяциясына зор зиянын тигізеді. Өйткені, қызғалдақтар тұқым бермей тұрып жұлынса, популяциялардың табиғи жаңаруы бұзылады, сондай-ақ өсімдіктердің таралу аймағы азаяды.
Қандай айыппұл салынады? Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктерді жойғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, мұндай өсімдікті жұлған адамға келесі жаза түрлері бар:
10 млн теңгеден астам (3 мың АЕК-ке дейін) айыппұл;
түзеу жұмыстары;
800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар;
3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не мүлкін тәркілеп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру.
Мұны не үшін білу керек? Әдетте, жабайы қызғалдақтар пиязбен емес, тұқымы арқылы көбейеді. Тұқымдар пиязға айналғанға дейін 4-7 жыл топырақ астында жатады. Кейін сол пияздан жыл сайын гүлі бар сабақ шығады. Қызғалдақтың гүлдеу мерзімі аяқталғанда ол солып, орнында тұқымы қалады. Осылайша, 70-80 жыл бойы жыл сайын гүлдеп отырады. Ал гүлдерді суретке түсу үшін жұлып алған жағдайда олар ары кетсе 2 сағат қана шыдайды да, тез солып қалады. Сәйкесінше, суретке түсу үшін бір қызғалдақты жұлу арқылы 70-80 жыл бойы осы гүлдің тұқымынан өсетін қызғалдақтарды да жойып жіберу қаупі бар.