“Қазақстан халқына” қоры кімдерге көмектеседі? Маңызды сұрақтардың жауабы
11 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен “Қазақстан халқына” қоры құрылған болатын. Қор немен айналысады және кімдерге көмектеседі? Tengrinews.kz маңызды сұрақтар топтамасын жасады.
1. Қор немен айналысады?
Президент “Қазақстан халқына” қоры немен айналысатынын түсіндірді. Қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысады. Мысалы, сирек кездесетін аурумен ауыратын балаларға көмек көрсетеді. Қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балалар үшін спорт нысандар салынады. Қабілетті балаларға көмек көрсетіледі.
2. “Қазақстан халқына” қорының міндеттері қандай?
– денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қосымша қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан халқына қайырымдылық көмек көрсету;
– төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимі енгізілгенде зардап шеккен халыққа көмек көрсету;
– халықтың әлеуметтік осал топтарынан мұқтаж балалар мен балалар үшін спорттық инфрақұрылымның дамуына және оның қолжетімділігін арттыруға жәрдемдесу;
– Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары, арнайы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау;
– Қор қызметінің өзге басым бағыттары бойынша қайырымдылық көмек көрсету.
3. Қор ақшасы қайда жұмсалады?
Қор қызметі әлеуметтік, мәдени қызметтің түрлі бағытын (денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік инфрақұрылым, тәртіпсіздік салдарын қалпына келтіру және қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасын қолдау) қамтиды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында айтқан болатын.
4. Қаржыландыру қайдан?
Қорды қаржыландыру жеке және мемлекеттік көздерден жүзеге асырылады. Қорға халықаралық қайырымдылық ұйымдарының көмегін, лотерея қызметі операторының, мөлшермелерді есепке алу орталығының және басқа да монополистер, ірі бизнес өкілдері қаржысын міндетті және тұрақты түрде тарту жоспарланып отыр.
5. Қор басшысы кім?
Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған “Қазақстан халқына” қоғамдық әлеуметтік қорының басшысы болып 15 қаңтарда Болат Жәмішев тағайындалған болатын. Қор төрағасы лауазымына қамқоршылық кеңес Болат Жәмішевтің кандидатурасын ұсынған және шешім бірауыздан қабылданған.
6. Қордың Қамқоршылық кеңес құрамына кімдер кірді?
16 қаңтарда қордың Қамқоршылық кеңес құрамы жасақталды. Кеңес қор қызметінің негізгі бағыттарын және оның міндеттерін айқындауға жауап береді, бюджетті бекітеді, басқа да бақылау және ұйымдастыру функцияларын жүзеге асырады. Оған белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, азаматтық қоғам өкілдері, меценаттар және басқа да беделді азаматтар кірді. Толық тізімді мына сілтемеден көруге болады.
7. Қанша ақша жиналды?
17 қаңтардағы жағдай бойынша, қорға 12,36 миллиард теңге түскені белгілі. Оның 10 миллиардын Kaspi Bank және оның құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе жіберген. “Халық” қайырымдылық қорынан екі миллиард теңге түсті. Степногор тау-кен-химия комбинаты 350 миллион теңге аударған. Сонымен қатар, қоғамдық қорға ерікті ретінде 6519 қазақстандық ақша аударған. Қазір оның жалпы сомасы 10,1 миллион теңгеден асады.
8. Қорға көмек ретінде ақшаны қалай жіберуге болады?
“Қазақстан халқына” Қоғамдық Қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18, KZ97601A871001692501 KZT, “Халық банк” АҚ;
“Қазақстан халқына” Қоғамдық Қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18, KZ52722S000011856768 KZT, Kaspi Bank АҚ.
“Қазақстан халқына” Қоғамдық Қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, КБе 18, KZ0896503F0010863168, ForteBank АҚ.