Қазақстан халқы қартайып бара жатыр – зерттеу
Қазақстан халқы қартайып бара жатыр. Сарапшылар мұндай қорытындыға елдегі демографиялық ахуалды зерттегеннен кейін келген.
БҰҰ болжамы бойынша, әлемнің көптеген аймақтарындағы сияқты Қазақстанда да халық саны алдағы бірнеше онжылдықта өседі және 2050 жылға қарай шамамен 24 миллион адамға жетеді. Биылдың өзінде ел халқының саны 19 миллионнан асты.
Бұл ретте халық санының өсуі бала туудың да, өмір сүру ұзақтығының да ұлғаюына байланысты екенін атап өткен жөн. Сонымен 2020 жылы өмір сүру ұзақтығы – 71,37 жасқа жеткен. Ал 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш – 68,45 жас, 2000 жылы – 65,5 жас болған. Зейнетке шыққаннан кейінгі өмір сүру ұзақтығы ерлерде – 80 жас, әйелдерде – 82 жас.
Осылайша, Қазақстанда халықтың қартаюы байқалады. Егер 2010 жылы зейнет жасындағы халықтың үлесі – 9,9 пайыз, ал, 2020 жылы – 11 пайызды құраған. Еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың үлесі, керісінше, айтарлықтай: 2010 жылғы 64 пайыздан 2020 жылы 58,3 пайызға дейін төмендеген. God-Garnier-Rosset демографиялық қартаю шкаласы бойынша Қазақстан “қартаю табалдырығында” тұр.
Сонымен қатар, еңбекке қабілетті адамға демографиялық жүктеме де өсіп жатыр. Мәселен, Қазақстан Республикасында еңбекке қабілетті 1000 азаматқа еңбекке қабілетті жастан кіші және үлкен 692 адамнан келеді (бір жыл бұрын – 687, ал он жыл бұрын – 555 адам болды).
Дәл осындай жағдай бүкіл әлемде байқалады. БҰҰ болжамы бойынша, іс жүзінде әлемнің барлық елдері халықтың қартаю процесіне тап болған.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде 2050 жылға қарай 65 және одан жоғары жастағы адамдар саны 2019 жылмен салыстырғанда екі есе дерлік өсіп, 3,4 миллионға жетеді. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының халық қорының есебінде айтылған.