Қарағандыдағы қоғамдық көлік мәселесі көңілден шықпай отыр
Қарағанды өңірінде қоғамдық көліктің мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Бұл бағытта қатаң шараларға бармаса, жағдайдың оңалатын түрі жоқ. Неге десеңіз, автопарк қожайындары кемшілікті жою туралы ауызбен орақ орғанымен, іске келгенде тайғанақтық танытып жүр.
Облыстағы ірі қалаларда автобустардың маршрутқа шығу кестесі сақтала бермейтіні де өзекті проблеманың бірі. Соның кесірінен адамдар барар жерлеріне үнемі кешігіп жүреді. Мәселен, Қарағанды қаласында жоспар бойынша 202 автобус маршрутқа шығуы тиіс болса, ал шын мәнісінде оның 160-қа жуығы ғана жолаушыларға қызмет көрсетеді екен.
Осыған орай облыс басшылығы автопарктерге қойылар талапты күшейтуді ойластырып отыр. Яғни мынадай қағида жүзеге асырылатын болады: автопарктер көліктерді жаңасына ауыстырса, оларға маршруттар беріледі. Ал ескі-құсқымен салдырлатып жүре берер болса, онда маршрут атаулыдан қағылады.
Бір есептен мұндай талаптың жөні бар. Неге десеңіз, облыста автобус шығаратын зауыт жұмыс істейді, сапасы тәп-тәуір көлік шығарып тұр. Ал оның өнімін неге пайдаға жаратпасқа?!
Дегенмен, бұл салада да оң бағыттағы қимыл-қозғалыс байқалады. Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев берген мәліметке сүйенсек, қала бойынша жолаушылар көлігінің 60%-ы жаңартылмақ. Яғни автопарктермен жаңа автобустар сатып алу жөніндегі келісімге қол жеткізілген.
Айта кету керек, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде Саранда жасалған 40 автобус Қарағандыда жолаушы тасып жүр. Сонымен қатар дәл сондай 20 автобус Теміртауда, тағы 20-сы Жезқазғанда және 11-і Саран қаласында қызмет көрсетеді.
Алда тұрған маңызды міндеттің бірі – электронды билет сату жүйесіне көшу. Түптеп келгенде, мұның өзі жолаушылардың нақты санын білуге мүмкіндік береді. Ал бұл дегеніңіз жолаушылар тасымалын қалыпты түрде субсидиялау мәселесінде ескеретін маңызы зор көрсеткіштің бірі болмақ.
Жалпы, облыс басшылығының автобус парктерін жаңалау тұрғысындағы табанды әрекеті қолдауға тұрарлық саясат. Бұл біріншіден, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетудің алғышарты болса, екіншіден, отандық өнімді қолдауға бағытталған жанашырлық қадам. Бұдан тараптардың ұтылмасы анық. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалау» тәмсілінің тиімділігі дәл осы отандық автобус мәселесінде маңызды рөл ойнайды-ақ.
egemen.kz материалының көмегімен әзірленді