Қарағандыда спецкокс өндірісін ұлғайтады
Жаңа зауыттың құрылысы ERG (Еуразиялық топ) құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ-тың өнеркәсіп алаңында басталып кетті. Бұл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қолға алынған ең маңызды жобалардың бірі. Жалпы, «Шұбаркөл көмір» АҚ – еліміздегі ең ірі энергетикалық көмір өндірушілердің бірі. Мұнда көмірді терең өңдеу бағдарламасы жақсы жолға қойылған.
Жаңа зауыттың басында өткен капсула салу рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, ERG директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов, «Еуразиялық топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов пен «Шұбаркөл көмір» АҚ президенті Рустам Ибрагимов қатысты.
Бұған дейін де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев импорт алмастыру саласын жетілдіру керек екенін сан мәрте айтқан болатын. Импорт алмастыруға қатысты елде мемлекеттік бағдарлама да бар. Жаңа зауыт – ERG-дің сол бағдарламаға қосқан үлесі.
“Қазақстанда ERG-дің басқа да ауқымды жоспарлары бар. Таяу жылдары біз жаңа жобаларға және қолда бар өндірістерді жаңғыртуға 6 млрд доллардан астам инвестиция салуды жоспарлап отырмыз, – дейді ERG директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов. – Спецкокс өндіретін зауыт салу – Шұбаркөл көмірі мен ERG-дің өз қуатын арттырып келе жатқанының айқын дәлелі. Біз жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін ұлғайтып, қалпына келтіргіш импорттың маңызды бөлігінен бас тарта аламыз. Осылайша, біздің топ өндіретін феррохромдағы қазақстандық үлесті арттырамыз”.
Жалпы, Қазақстан бойынша спецкоксқа сұраныс – жылына 1 млн тоннадан асады. Бұл деректі Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы да растай алады. Қазір спецкокстың көп бөлігі Ресей мен Қытайдан импортталады.
Ал 2005 жылы Шұбаркөл көмір алаңында салынған зауыт осы күнге дейін «Шұбаркөл көмір» АҚ кокс-химия цехында шамамен 200 мың тонна өнім өндіріп келген еді. Қара металлургияның дамуына байланысты оның өнімдеріне сұраныс жоғары болып келді.
Еуразиялық топ (ERG) құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ – көмірді ашық әдіспен өндіретін компания. Кәсіпорын спецкокспен бірге кокс газынан электр қуатын да өндіре алады.
Жылына 400 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отырған жаңа кәсіпорында 120 жұмыс орны ашылады. Жұмысшылар мұнда жылына 72 мың тонна көмір шайыры мен көмір майын өндіреді. Ал өндірісте қолданылатын шикізат – Шұбаркөл кенішінің «Д» маркалы көмірі болады.
Жаңа зауытты Sinosteel Equipment and Engineering CO LTD. компаниясы жобалаған. ЕРС-келісімшарттарына сәйкес бүкіл құрылысты, сондай-ақ іске қосу-жөндеу жұмыстарын China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co Ltd. (NFC China) компаниясы атқарады.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл зауыт – импорт алмастыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылған табысты жобалардың бірі. «Жобаға 40 млрд теңге инвестиция құйылады. Барлық нормаға толық сәйкес келетін заманауи жабдықтар жеткізіледі. Технологияларды қолдану есебінен Нұра ауданында жоспарланып отырған спецкокс өндірісі жаңа әрі заманауи зауыт болады», деді әкім.
Атап айтқанда, жобада пиролизді орнату алаңында скрининг, ұсақтау және тасымалдау, көмір мен жартылай коксты сақтау және тасымалдау кезінде пайда болатын көмір шаңын қармап қалуға арналған аспирациялық жүйе қарастырылған. Бұдан бөлек электр қуатын, жылу мен суды үнемдейтін энергия үнемдеу жөніндегі іс-шаралар кешені әзірленген. Технологияда пайдаланылатын барлық су ресурстары мен ластанған ағындар тазартылып, сумен жабдықтау айналым жүйесіне қайта жіберілетін болады.
“Нысан өндіріс қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғаудың ең заманауи озық технологиялық шешімдері мен автоматиканы пайдаланады. Қазақстан заңнамасының барлық нормаларына толық сәйкес келеді”, – дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ президенті Р.Ибрагимов.
Жаңа өндіріс орны 2023 жылы пайдалануға беріледі. Зауыт ERG кәсіпорындарының ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етіп, өнімдерді экспорттау мүмкіндігін де қарастырады.
Шұбаркөл көмір – Қазақстандағы жоғары сапалы ірі көмір өндіруші. Бұл кәсіпорынның көмірі төмен күлділігімен (барлығы 4%) де, жоғары калориялылығымен (6000 ккал/кг дейін) де ерекшеленеді. Осындай бірегей сипаттамалары арқылы шұбаркөл көмірі тұрғын үйлерді жылыту үшін өте тиімді энергия көзі саналады және заң бойынша экологиялық таза энергия тасымалдаушы. ERG Еуропа мен Азияның және дүние жүзінің басқа да 20-дан астам еліне көмір жеткізеді.
Осындай жетістігі бар Шұбаркөл еңбек ұжымы кеше салынған капсулаға арнайы хат жазып қалдырды. Бұл жолдауды енді компания қызметкерлері 2071 жылы ашып оқи алады.