Қарағанды облысындағы 32 елді мекенде модульдік фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады
Биыл Қарағанды облысында медицина саласында ауқымды жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бұл ауылдарға қатысты. Модульдік фельдшерлік-акушерлік пункттер пайда болатын 32 елді мекен таңдалды. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек онлайн режимде өткен халықпен есептік кездесуінде осылай мәлім етті.
Жиында әкім Қарағанды облысындағы денсаулық сақтау саласы туралы баяндады.
«Өткен жылы Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде және Нұра ауданының Шахтер ауылында жаңа ауылдық дәрігерлік амбулаториялар салынды. Абай және Шет аудандарында орталық аудандық ауруханалар жөнделді. Осы жылы Ақтоғай және Нұра орталық аудандық ауруханалар да осындай өзгерістерді күтіп отыр. Ағадыр кентіне жұмыс сапарым кезінде ақсақалдар аурухана ғимаратын жөндеу қажеттігіне назар аударды. Биыл міндетті түрде жұмысты бастаймыз», – деді облыс әкімі.
Жеңіс Қасымбек онкодиспансердің Жезқазғандағы филиалын ұйымдастыру мәселесін шешуге уәде берді.
Қарағандыда ересектерге арналған облыстық көпбейінді аурухананың, облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық корпусының құрылысы басталады. Сәулелік диагностика және терапия орталығы үшін ғимарат салынады. Ұзақ уақыт кідірістен кейін облыстық балалар ауруханасының құрылысын аяқтау қажет.
«Жиһазбен және қажетті тұрмыстық техникамен жабдықталған қызметтік пәтерлерді беру есебінен дәрігерлер мен жас мамандарды тарту мәселесін шешеміз. Екі жыл ішінде 227 дәрігер баспанамен қамтылды. Алдағы екі жылда біздің облысқа жұмыс істеуге келген кем дегенде 300 маман пәтер алады», – деді Жеңіс Қасымбек.