Қарағанды облысында мыңнан астам шақырым жол жөнделеді
Қарағанды облысының қалалары мен ауылдарында жолдар ретке келтірілуде. Биыл жөндеу жұмыстары шамамен 1 400 шақырымды қамтыды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«Нұрлы жол» және «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында 700 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды, сондай-ақ қалалар мен ауылдардың көшелерін жөндеу басталды. Мақсат – 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауды қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Барлық нысандарда бақылауды жол активтері сапасының ұлттық орталығы жүзеге асырады. Сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау жүргізіледі”, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысының мәліметінше, жалпы биыл облыста 1 335 шақырым автожолды жөндеу жоспарланған. Жол жұмыстарына 5 мыңға жуық адам мен 3 мыңнан астам мамандандырылған техника жұмылдырылады.
Негізгі жоба «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізі болып қала береді. Жыл соңына дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бурылбайтал автобандарының төрт жолағы бойынша қозғалыс ашуды жоспарлап отыр.
Биыл Жезқазған – Қызылорда автожолын қайта жаңартуды бастау жоспарланып отыр. Ұзындығы 208 шақырым учаскені жаңарту қажет. Бұл үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.