Қарағанды облысында 16 мамырда грантқа түсу үшін ҰБТ емтихандары басталады
16 мамырдан 5 шілдеге дейін мектеп түлектері жоғары оқу орындарына грантқа түсу үшін ҰБТ тапсыра алады. Осы тестілердің нәтижелері ЖОО-ға ақылы негізде қабылдау үшін де ескерілетін болады.
Өтініштерді қабылдау 28 сәуірде басталып, Ұлттық тестілеу орталығының сайтында 14 мамырға дейін жалғасады. Бұл туралы және білім беру нысандарын жөндеу жайлы облыстың бас педагогы Гүлсім Қожахметова Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте айтып берді.
“Информатика мұғалімдерін даярлау”, “Ақпараттық технологиялар”, “Ақпараттық қауіпсіздік” білім беру бағдарламасын таңдаған түлектердің назарын аударғым келеді. Биылғы оқу жылынан бастап ҰБТ-ның бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне “Информатика” енгізілді, – деді Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.
Биылғы жылы облыс мектептерін 11-сыныптың 7 мыңнан астам түлегі және 15 мыңнан астам тоғызыншы сынып оқушылары бітіріп жатыр. “Алтын белгі” белгісін алуға 147 түлек, Үздік аттестатқа – 412, үздік аттестатқа 9 сыныпта – 891 адам үміткер.
Білім беру ұйымдарында жайлы және қауіпсіз жағдай жасау жұмыстары жалғасуда, деп атап өтті спикер. Биыл 55 білім беру нысанын жөндеу жоспарланған. Мектеп ғимараттарына іргелес немесе ғимарат ішінде орналасқан автономды жылыту жүйелерінің мәселесі ерекше бақылауда. 12 қазандықты қауіпсіз қашықтыққа шығару және 18 білім беру объектісінде күрделі жөндеу жүргізуге ЖСҚ әзірлеу жоспарланған.
2027 жылға дейін өңірде Майқұдық пен Пришахтинскіде, сондай-ақ Теміртау қаласында оқушылар сарайларын салу жоспарлануда. Пришахтинск шағын ауданында Оқушылар сарайын салу жұмыстары басталды.
Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда облыстық білім басқармасының жедел желісіне келесі нөмірлер бойынша қоңырау шалуға болады: 25-25-02 және 8-747-491-129.