Хабар

Қарағанды облысында 150-ге жуық елді мекенді су басу қаупі бар

Қарағанды облысында елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін 14 км қорғаныс бөгеттері мен қорғандар тұрғызылып, нығайтылды.

Өңірде өзен арналарына санация жүргізілді, су бұру арналары салынды және жөнделді. Ауылдар мен кенттерде қосымша жергілікті хабарлау жүйелері орнатылды.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтің төрағалығымен өткен отырыста су тасқынына дайындық барысы талқыланды.

Облыстың Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов қар жамылғысының космомониторингі қызметтеріне және облыс өзендерінде жарылыс жұмыстарын жүргізуге жағдай жасалатынын хабарлады. 1 наурыздан бастап су өткізгіш құбырлар мен көпірлерді тазалау жұмыстарын бастау жоспарлануда.

Қаңтар айында өзендердің жоғары жақтарының қаншалықты қар басқанын анықтау үшін аралау басталады. Сонымен қатар су тасқыны қаупі бар барлық елді мекен тексеріледі. Қазіргі таңда олардың саны – 149.

Наурыз айында су тасқынына қарсы облыстық штаб жұмыс істей бастайды.

Су тасқыны кезеңіне дайындық туралы қалалар мен аудандардың әкімдері де есеп берді.

Ермағанбет Бөлекпаев барлық жауапты тұлғаларға су тасқынына қарсы барлық іс-шараны үйлестіруді және сапалы іске асыруды қамтамасыз етуге тапсырма берді.

«Су басудың алдын алу үшін барлық қосалқы станцияларды тексеру қажет. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне қарды жедел шығаруды тапсырамын. Қажет болса, қосымша техниканы тартыңыздар. Барлық тәуекелдерді болдырмау үшін бәрін мұқият тексеріп алыңыздар», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button