Қандай оқушылар мектеп формасы мен оқу құралдарын тегін алады?
Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың мектепте оқитын балаларына мектеп формасы мен оқу құралдары алу үшін материалдық көмек беріледі. Бұлар – жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен, жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген, әлеуметтік осал отбасылар.
Аталған топқа жататын отбасылардың 6-18 жас аралығындағы балаларына жылына бір мәрте келесідей көмек көрсетіледі:
Мектеп формасының жиынтығы:
- ұлдар: пиджак, кеудеше, шалбар, жейде немесе водолазка, аяқ киім;
- қыздар: пиджак, кеудеше, белдемше немесе сарафан, блузка немесе водолазка, аяқ киім.
Мектеп формасы қажет болмаған жағдайда спорттық форма мен аяқ киім алуға болады.
Оқу құралдарының жиынтығы:
1-4 сынып оқушылары:
- рюкзак (қызға не ұлға арналған);
- 20 жай дәптер (12 парақ);
- қаламсауыт;
- сурет салуға арналған альбом (24 парақ);
- 10 қалам;
- 5 жай қарындаш;
- дәптер мен кітаптарға арналған 20 тыс қаптама;
- акварель бояулары;
- өшіргіш;
- сызғыш.
5-9 сынып оқушылары да осы тізім бойынша оқу құралдарын және одан бөлек 10 қалың дәптер (24 бет), ал 10-11 сынып оқушылары оған қоса циркуль алады.
Оқу құралдары мен мектеп формасымен қамтамасыз ету көмегі сертификат түрінде көрсетілуі мүмкін. Қаражат әр өңірде түрліше есептеледі.
6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен оқу құралдарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ тегін медициналық қызмет көрсету қарастырылған.
Кепілдендірілген әлеуметтік пакет – 1 жастан 18 жасқа дейінгі баласы бар аз қамтылған отбасының әрбір баласына берілетін көмек. Көмек пакеті шартсыз немесе шартты ақшалай көмек алатын тұрмысы төмен отбасыларға беріледі. Алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет тиісті оқу жылы алдында беріледі.
Көпбалалы отбасылардың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болса, отбасы арнайы жәрдемақымен қоса, атаулы әлеуметтік көмекті алуға құқылы.
Басқа кімдер көмек алады?
Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеуінше, еліміздегі әр мектепте қарастырылған және әлеуметтік осал санаттағы балаларды қолдауға арналған Жалпыға міндетті оқу қоры бар.
Қор Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетімен бірлесіп, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін әлеуметтік пакет әзірледі:
- атаулы көмек алуға құқығы бар отбасылардың мектеп жасындағы балалары;
- табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары;
- жетім балалар;
- төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары.
Егер әртүрлі себептер бойынша отбасы жалпыға міндетті оқу қорының өлшемдеріне сәйкес келмесе, онда көмекке мұқтаж балалар оны мектептің қамқоршылық кеңесінің шешімі бойынша алады.
Балалар бір реттік тамақтану, кеңсе тауарлары, мектеп және спорттық киім, аяқ киім, сондай-ақ мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларға қатысуға көмек алады. Егер отбасы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен болса, онда мектеп қаржылай көмек көрсете алады.
Көмек алу үшін қандай құжаттар керек?
Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтінім беру үшін тек жеке куәлікті ұсыну жеткілікті. Қалған мәліметтер ақпараттық жүйеден алынады. Басқа сұрақтар болса жұмыспен қамту орталығы сауалнама жүргізеді. Өтінім беруші күткісі келмесе, басқа құжаттарды өзі тапсыра алады.
АӘК өтінім берген кезде балалары туралы, олардың жасы, әлеуметтік пакеттің қандай түрі берілетіні анықталады. Аз қамтылған отбасыға АӘК тағайындалған соң, кепілдендірілген әлеуметтік пакет алатындардың тізімі жасалады. Яғни, кепілдендірілген әлеуметтік пакет атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаннан кейін беріледі.
Әлеуметтік пакет жиынтықтары қалай жеткізіледі? Ол үшін жұмыспен қамту бөлімі жеткізушімен тікелей келісімшарт жасасады. Жеткізушілер кепілдендірілген әлеуметтік пакет алушыларға айына бір рет азық-түлікті, тоқсанына бір рет тұрмыстық химиялық тауарлар жиынтығын жеткізеді.
Мектеп формасын, мектепке қажетті заттарды, ыстық тамақ пен жол ақысын үлестіру Жалпыға бірдей білім беру қоры мен жергілікті атқарушы орган арқылы жүргізіледі.
Тауар жарамсыз болса, не істеу керек?
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жеткізушімен келісімшарт жасайды. Техникалық сипаттамасында міндетті түрде азық-түлік және тұрмыстық химия тауарлары жиынтықтарының белгіленген жарамдылық мерзімі мен сапасы туралы жазылады. Жеткізуші тапсырыс берушімен келісімшарт жасасқаннан кейін өзіне көрсетілген талаптарға сай болу міндетін алады:
- тауардың мерзімі өтпеген болуы керек;
- тауар сапасына сай болуы тиіс.
Жеткізуші тауарды тікелей әлеуметтік пакетті алатын отбасыға жеткізген кезде оны алған адам міндетті түрде тексеріп алуы керек. Қорапты ашып, заттардың орнында және тұтас екенін тексереді. Жарамдылық мерзімін көреді. Мерзімі өткеп кеткен немесе өзіне ұнамаған тауар болса, одан бас тартуға, қабылдамауға құқығы бар.
Тауарды алып қойған соң, мұндай жағдайлар анықталса, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен байланысу керек. Содан кейін бөлім жеткізушімен байланысып, жеткізуші бұл тауарды ауыстырып әкеп беруі тиіс.