Жол жабылатыны туралы ескертуді елемейтіндер жауапқа тартылуы мүмкін
Биыл қазаннан бастап көктайғақ және қарлы боранға байланысты 232 көлік пен 563 адамға көмек көрсетілген. Республикалық жолдарда көлік қозғалысын 150-ден астам рет шектеуге тура келді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлайды.
Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін Автомобиль жолдары комитеті көлік жүргізушілеріне тұрақты негізде дауыл туралы хабарламаларды жіберіп, алыс сапарларға шықпауға кеңес бергенімен, бұған немқұрайлы танытқан көптеген адам қар құрсауында қалып жатады. Мәселен, республикалық маңыздағы автожолдар қысқы күтіп ұстау кезеңіне ауыстырылған сәттен бастап, жол саласының мамандарды күре жолдың бойында 600-ге жуық адамға көмек көрсеткен. Атап айтқанда, ауа райының қолайсыздығына байланысты 232 көлік жылы бокстарға орналастырылса, 563 адам жылыту пунктеріне жеткізілді.
Министрлік автомобиль жолдарын күтіп ұстайтын қызметкерлердің техникасы көлікті қар құрсауынан шығаруға немесе эвакуациялауға бейімделмегеніне назар аударады. Соған қарамастан, сала мамандары тиісті ескертуді елемеген жүргізушілердің батып қалған көліктерін шығаруға мәжбүр. Неге десеңіз, жолды тазалау үшін оның бойында қандай да бір кедергі болмауы тиіс.
Осы ретте биылдан бастап ауа райының қолайсыздығына қатысты көлік қозғалысын шектеу жөніндегі хабарламаны ескермеген тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылмақ. Тиісті өзгеріс Үкіметтің «Жолдардағы көлік құралдарының қозғалысын тоқтату немесе уақытша шектеу қағидаларын бекіту туралы» қаулысына енгізілді.
«Таяу арадағы мерекелік демалыс күндерінде көптеген адам қаладан тыс жерде демалуды жоспарлайтыны мәлім. Осыған байланысты Автомобиль жолдары комитеті көлік иелерін дауыл туралы хабарламаны алған бойда сақтық шараларын ұстанып, ұзақ сапарға шығуға бас тартуды сұрайды. Сондай-ақ, қандай бір жағдайлар туындағанда 1403 бірыңғай call-орталығына хабарласуға болатынын еске сала кетейік», – делінген ресми хабарламада.