Жер шары қанша адамды бағып-қағуға қауқарлы?
Бүгінде Жер шарында 8 млдр адам бар. Ал ғаламшардың табиғи байлығы мен ресурстары күн сайын азайып барады. Жер-Ана осыншама халықты асырай ала ма әлде жоқ па? Бұл сауал бәрімізді мазалайтыны рас. Ендеше жауабын бірге іздеп көрейік.
Мәселен, 1979 жылы микроскопты ойлап тапқан ғалым Антони ван Левенгук Жер шары шамамен 13,4 млрд адамды асырауға қауқары жететінін айтқан. Ал “Шолпан” футурологиялық жобасының негізін қалаушы, өнертапқыш Жак Фреско жер бетінде бір уақытта 10 млрд адам емін-еркін өмір сүріп, тоқ жүре алатынын айтады. Бірақ ғаламшардың ресурсын ақылмен, оймен жұмсау керек дегенді алға тартады.
Кей ғалымдар тіпті Жер шары 1 трлн адамды асырай алады дейді. Бұл сауалға келгенде, көріп тұрғанымыздай, әркімнің болжамы әртүрлі.
Биологияда “орта сыйымдылығы” деген түсінік бар. Яғни, белгілі бір тіршілік иесінің белгілі бір ортада емін-еркін өмір сүруі, бүкіл ресурстың жеткілікті екенін білдіретін түсінік. Бұл теорияға сүйенсек, орта сыйымдылығы Жер шарының қоршаған ортасына, экологиясы мен ресурсына тікелей байланысты дейді. Егер Жер шары гүлденіп, қоры жақсарса, онда әрине көп адамды асырауға қауқары жетпек.
Ал егер адам Жер шарын ластауды, зиян шектіруді тоқтатпаса, онда 1 млрд адамның өзі өмір сүре алмай қалады. Адам бұл мәселеге келгенде сауатты болғаны абзал. Жер бетіндегі ресурстарды (пайдалы қазба, ауа мен су, энергия көздерін, т.б.) дұрыс орынды әрі ақылмен пайдалана білсе, онда адамзаттың өркениеті ұзақ жасары анық.