Хабар

Жазда күнге қалай дұрыс күю керек? Дерматолог кеңесі

Жазғы уақытта теріге күннен қорғайтын крем жағып жүру қажет.

Күн сәулесінің адам терісіне пайдасы да, зияны да бар. Адам күнге күюге дұрыс дайындалмаса, дұрыс күймесе, теріге зақым келуі мүмкін. Осы орайда дерматолог Ғалия Түсіпбаева жазғы уақытта күнге қалай дұрыс күю керектігін түсіндіріп берді.

Теріні күюге қалай дайындау керек?

Күнге күйер алдында теріні жақсылап тазалау керек. Күнделікті күтім немесе косметологқа барып бетті тазалау процедурасын жасауға болады. Бетті тазалағанда терідегі өлі жасушаларды, қара дақтарды кетіру керек. Сонда күнге дұрыс күйесіз.

Сонымен бірге теріні жақсылап ылғалдандыру қажет. Теріңіздің түріне қарай ылғалдандыратын крем жағыңыз. Теріңіз сезімтал болса – сезімтал теріге арналған крем, теріңіз майланып тұрса онда ылғалдандыратын эмульсия жағу керек. Су ішіп те теріні ылғалдандыруға болады. Жазда екі литрден көп су ішу қажет.

Косметологияда мезотерапия, биоревитализация деген процедуралар бар. Теріңізді жақсы ылғалдандырады, витаминдер енгізеді, әжімдерді кетіреді. Күннің әсерінен терімізде қартаю процесі болмауы үшін міндетті түрде оны ылғалдандырып тұру қажет.

Гормон, өт жағынан ішкі ағзаңызда аурулар болса, міндетті түрде емделу қажет. Себебі, күннің әсерінен пигмент, яғни қара дақтар пайда болуы мүмкін.

SPF крем не үшін қажет?

Күн сәулесінен қорғайтын жақсы SPF (Sun Protection Factor) крем алу қажет. Жазғы кезде әр үш сағат сайын SPF 50 жағып жүрген дұрыс. Қыста – SPF 30. Теңіз жағасына барған кезде SPF 100 кремін қолдану керек. Жағажайдан келген соң күнге күйгеннен кейін крем жағу қажет.

Далаға шығардан 20 минут бұрын SPF кремді бүкіл денеңізге, бетіңізге жағып алыңыз. Күн астында бас киімсіз жүруге болмайды. Көбінесе көлеңкеде жүріп күю керек, сонда зиянды әсері болмайды. Таңертең сағат 10.00-ге дейін және 16.00-ден кейін күнге күйген дұрыс. Басқа уақытта күн астында жүруге болмайды. Десе де тікелей күн сәулесі түспейтін көлеңкеде жүріңіз. Теңіз жағасында күнге күйем десеңіз 5-10 минуттан бастаңыз. Уақытты күн сайын он минутқа көбейтіп отырыңыз. Келе салып бірден ұзақ уақыт күн астында жүруге болмайды, негативті әсерлер болуы мүмкін. Мысалы, ерте бастан әжімдер, қара дақтар пайда болуы мүмкін. Ұсақ тамырлар қызарып кетеді. Күннің әсерінен қатерлі ісік пайда болуы мүмкін. Мұндай болмауы үшін міндетті түрде SPF крем жағып, көбінесе көлеңкеде жүріңіз.

Күнге жылдам күюге бола ма?

Күнге тез күюге болмайды. Күнде бес-он минут алсаңыз жеткілікті. Тері тотығының ұзақ сақталу адам терісіне байланысты. Теріде меланин деген пигмент көп болса тотық ұзақ сақталады. Кей адамда меланин, сондықтан олардың терісі қызарып қана қояды. Теріде тотық ұзақ тұруы үшін көп су ішіп, витаминдер қабылдау керек. Теріні ылғалдандырып, дұрыс күтім жасау қажет. Массаж да теріге жақсы әсер етеді.

Күн әсерінен терімізде D дәрумені пайда болады, иммунитет көтеріледі, теріміз өте әдемі болып тұрады. Күннің әсерінен ағзамызда жақсы көңіл-күйге әсер ететін серотонин деген гормондар көбейеді.

Күнге күйгеннен кейін тері бүлінсе, не істеу қажет?

Күн астында көп жүргеннен теріңіз бүлініп кетсе міндетті түрде күнге күюді доғару керек. Әрі қарай пантенол, бепантен деген кремдерді әр екі-үш сағат сайын бір аптадай жағып, теріні қалпына келтіресіз. Теріге зақым келсе оны ысқылап жууға, құрамына спирт бар заттар жағуға болмайды. Жуынғанда жеңіл гель қолдансаңыз жеткілікті. Далаға шыққан кезде міндетті түрде SPF крем жағасыз. Теріні қолмен ұстай бермейсіз. Косметологқа барып мезотерапия, биоревитализация деген ылғалдандыратын процедуралар жасауға болады.

Күнге күйгеннен кейін міндетті түрде теріні жақсылап ылғалдандыру қажет. Көп су ішу керек. Теріні ылғалдандырып, витаминдермен қанықтыру үшін мезотерапия процедурасын алуға кеңес беремін.

informburo.kz

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button