Хабар

“Жасөспірім жалғыз емес екенін сезінуі керек”. Ninety One психикалық денсаулық мәселесіне қоғам назарын қалай аудармақ?

Топ мүшелері балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселесін де көтермек.

Ninety One ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшісі атанды. Олар балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлеуметтік проблемаларды көтеріп, оған қоса кибербуллинг пен менталды денсаулыққа назар аудармақ.

Осы орайда Informburo тілшісі Zaq лақап атымен танымал топ мүшесі Дулат Мұхаметқалимен жастардың психикалық денсаулығы жайында әңгімелесті.

“Бала кезден өнерге қызықтым. Үлгі тұтатын адамдар секілді киінуге тырыстым. Жазған рэпім балалардың біріне ұнап, енді екіншісіне ұнамайтын. Үлкендер де бірі қолдап, бірі “одан да дені дұрыс нәрсемен айналыс” дейтін. Тіпті жақындарымнан “нан болмайды”, “қазақша рэп ешкімге керек емес” дегенді көп еститінмін. Бірақ мұндай сөздер мені мықты қыла түсті. Кумирім америкалық рэпер Эминем қиын сәттерді еңсеріп, біраз адамға үлгі бола білді. Бала кезімде оның рэптері маған жігер берді. Әкемнің орына әке болды десем де артық емес. Оның рэптерінен өзіме қажет сөзді естідім, өзіме қажет эмоцияны алдым. Ішкі жан дүниемді сындырмай берік ұстап тұруға күш-қайрат берді”, – деді Дулат Мұхаметқали.

Оның сөзінше, Ninety One 2015 жылдан бері әндері арқылы жастармен жақынырақ болуға, әлеуметтік мәселелерді қозғауға тырысып жүр.

“Басымыздан қаншама жағдай өтті. Жастардың проблемасын біз жақсы білеміз. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлеуметтік проблемаларды да міндетті түрде көтеруге тырысамыз. Әсіресе, кибербуллинг пен менталды денсаулыққа назар аударып отырмыз. Біз де оған тап болдық, бірақ дайын болмадық. Басымыздан өткен соң оған қаншалықты көңіл бөлу керек екенін және қалай күресу керек екенін білеміз. Қоғамда көп айтыла бермейтін жабық дүниелерді қозғап, жағдайды жақсы жаққа бұрғымыз келеді. Былтыр ЮНИСЕФ пен TikTok-тың менталды денсаулыққа қатысты ауқымды акциясын қолдап, психологтармен тікелей эфирде осы мәселені талқыладық. Біз барынша еркіндікке ұмтыламыз. Әлі күнге дейін еркіндікті ұстап қалуға тырысып жүрміз. Өзің еркін болмай, психикалық тұрғыда сау болмай бұл мәселелер туралы айту қиын”, – деді Zaq.

Дулат Мұхаметқали өзін жалғыз сезінетін балалар мен жастарға қалай көмектесуге болатыны айта кетті.

“Жасөспірім ең алдымен жалғыз емес екенін түсінуі керек. Кішкентай кезде өзімізді жалғыз сезіндік. Бізді ешкім түсінбейтін сияқты, ешкім естімейтін сияқты халде жүретінбіз. Жастардың бәрі мұндай ойды миынан шығарып тастауы керек. Әлеуметтік желі пайда болғалы бәріміз бірге сияқтымыз, бірақ жалғыздық ұлғая түсті. Біз бір-бірімізде бар болдық. Біз бір-бірімізге көмектесіп, барынша ішіміздегі дүниені бөлісіп жүрдік. Жас бала өзін жалғыз сезінсе, бірінші кезекте ішкі ойы мен сезімін бөлісіп бастауы керек. Жанында ешкім болмаса да, ең болмағанда әлеуметтік желіде ой бөлісіп, өзін көрсетуден ұялмауы керек. Өзін таппай жүргендерге айтарым, сен өзіңді баяғыда тауып алдың. Сені сырттағы әртүрлі ой адастырады. Сондай ойлар шатастырып бастаса, ішіңе үңіл”, – деді ол.

Айта кетсек, бүгінде бүкіл әлемде ЮНИСЕФ-тің 200-ге жуық ізгі ниет елшісі бар. Олардың қатарына Ninety One тобының мүшелері – Батырхан Мәлік, Азамат Ашмақын, Дулат Мұхаметқали, Данияр Кұлымша қосылды.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Проверьте также
Close
Back to top button