Жаңа жыл кешін тойлаудың қажеті бар ма – Алексей Цой жауап берді
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Pfizer Жаңа жыл кешін тойлау қаншалықты қауіпсіз екені туралы пікір білдірді.
«Бұл әр аймақтағы эпидахуалға байланысты. Тиісті өңірдің бас санитар дәрігері қандай шектеу түрлерін немесе алдын алу шараларын қабылдау керектігін анықтайды. Сондықтан тікелей Алматыда немесе Қазақстанның басқа да облыстарында қандай талаптар қойылатынын анықтау керек», – деді Денсаулық сақтау министрі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Оның пайымынша, биыл Жаңа жыл мерекесін отбасында ғана тойлау орынды болмақ.
«Біз Жаңа жыл мерекесін тойлау отбасы аясында ғана өтуі керек деген кеңес береміз. Жаңа жыл ежелден отбасылық мереке саналады. Сондықтан, әрине, Жаңа жыл кештерінің ауқымын шектеген дұрыс. Өйткені вирус ешқайда кетіп қалған жоқ. Өкінішке қарай, вирус таралуын тоқтатқан жоқ. Ауру және өлім жағдайлары әлі де тіркеліп жатыр. Сондықтан өзімізді қорғау үшін мерекені отбасы аясында тойлауымыз керек», – деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол Денсаулық сақтау министрлігінің ұжымы Жаңа жыл кешін өткізбейтінін айтты.
«Корпоративтерді де, ауқымды мерекелік шараларды да шектеген жөн. Оның өз талаптары бар. Тіпті бас қосқан күннің өзінде тар ауқымда өтуі керек. Қазір тіпті мектептердің жабылып жатқанын көріп-біліп отырсыздар. Соның бәрін болдырмаудың жалғыз жолы – вакцинация. Біз қазір кейбір конференцияларды қоспағанда қашықтан қатынасу мүмкіндігі бар ауқымды шаралардың бәрін оффлайн режимде өткізіп жүрген жоқпыз. Яғни, Денсаулық сақтау министрлігінде Жаңа жыл кеші тойланбайды», – деді Алексей Цой.