Хабар

Жұмысшы жастар кәсіп бастауға 2,5 пайызбен қалай несие ала алады?

Микрокредитке өтініш 1 наурыздан бері қабылданып жатыр.

Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов жастарға микрокредит беру қағидасын түсіндірді.

Шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады.

Несиелеу шарттары:

Несие сомасы – 5 млн теңгеге дейін;
Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 2,5%;
Несие мерзімі: мал шаруашылығын дамытуға – 7 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін – 5 жылға дейін;
Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған;
Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті: кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-анасын, туыстарын) тартуға болады.

Өтінім беру үшін құжаттарды “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ филиалына тапсыру қажет. Филиалдардың мекенжайы agrocredit.kz сайтында көрсетілген.

Қажет құжаттар тізімі:

Жеке басын куәландыратын құжат;
Жоба бойынша бизнес-жоспар;
Қызмет көрсететін банктен шоты бар екенін растайтын анықтамалар;
Қаржы ұйымдарынан несие болған кезде несие берешегінен, оның ішінде мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтамалар;
Үміткердің жалақысы немесе өзге де табыстарын растайтын құжат;
жинақатушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме;
кепіл мүлікті бағалау туралы есеп;
кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

Шағын несие жылжымайтын мүлікті, оның ішінде тұрақты тұрғын үйлерді, жер учаскелерін, бағалы қағаздарды, қаруды, құрамында есірткі заттар мен ойын бизнесін ұйымдастыру үшін ҚР заңына қайшы келетін және де темекі немесе алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобаларға несие берілмейді.

“Шағын несие беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған комиссия қабылдайды. Комиссияға мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар, “Атамекен” палатасы мен БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер кіреді. Үміткерлер бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады. Комиссия олардың ішінен неғұрлым болашағы бар жобаларды таңдайды. Жоба өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, әлеуметтік маңызы бар, өміршең және оның нақты іс-қимыл жоспары болуы керек. Өздерінің бизнес-жоспарлары бар, жасы 21-ден асқан студенттерге микрокредит беріледі. Студент оқуы мен бизнесті қатар алып жүре алса, несие алуына шектеу жоқ”, – деді Ерлан Жүсіпов.

Оның айтуынша, Аграрлық несие корпорациясы жастарға шағын несие беру бағдарламасы шеңберінде сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде құжаттарды қабылдау, бизнес-жобаны бағалау, несие және кепіл туралы келісімдерді дайындау, несие сомасын қарыз алушыға беру, несиенің нысаналы пайдаланылуын тексеру, қарыз алушымен есеп айырысуды жүзеге асыру, қарыз алушыдан төлем қабылдау, мерзімі өткен берешекпен жұмыс және уәкілетті органдарға есеп беру әрекеттеріне жауапты.

Еске сала кетсек, жастарды несиелеу бағдарламасын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырады.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button