Жұлдыздар қазақы танымнан алыс жатыр ма?
Оқырман назарына жазушы Кәмел Жүністегінің «Egemen Qazaqstan» газетінің 2005 жылы 20 наурызында шыққан санында жарияланған жұлдыздардың атауы турасындағы мақаласын ұсынамыз.
Мен ойша көкжиек асып шарықтап кетемін Шығып келе жатқан күнге үмітпен жетемін.
(Әл-Фараби)
Жасыл көкке шоқ жұлдыздар қадапты, Қара түнді, жарық күнді жаратты.
(Жүсіп Баласағұн).
Құпия сырға толы аспан тұңғиығына үмітпен де, қауіппен де карамаған адам болмаған шығар. Сол аспан әлеміне ерекше үңіле білген, тіршілігін сонымен байланыстырған халық мыңғырған мал өсірген көшпелі ел. Қыстаудағы қойдың күзеті, ит-құстан амандау үшін түні бойы жылқы баққан азамат ғасырлар бойы өзінің аспан әлемі туралы танымын жырдай қылып келесі буынға жеткізіп отырған. Бір ғана Жеті қарақшы туралы аңыз, олардың Үркердің қызын ұрлап алып, енді Темірқазыққа арқандалған ақ боз ат пен көк боз атты қуа кету үшін аңдуы, таң атып қалып, аттарды қолға түсіре алмауы туралы әдемі ертегі кімді ұйытпаған. Мұндай тамаша аңыз қазақтан басқа еш халықта жоқ. Осы жерде тағы бір айта кетерлік жай, егер жеті қарақшы арқандаулы екі атты «екі жұлдызды» ұрласа ақыр заман болады деп түсінеді халық. Бұл да бір болашақты меңзеген терең түсінік болса керек.
Әттең, осындай аспан әлемі туралы ғажайып түсінік тудырған халықтың дүниетанымын тым қарабайырландырып жатырмыз. Жұлдыздардың қазақы атауы жөнінен қанша жазсақ та көптеген газеттер Үркерді орыстың Девасынан аударып, Бикеш деуден бір танбайды. Бүлінген жалғыз бұл атау ғана емес. Оу, бұларың қалай, біз тәуелсіз ел емес пе едік, жастардың санасын неге бүлдіріп жатырсыңдар дейтін әй, дер әже жоқтай.
Қолымызға түскен мектепте оқылатын «Астрономия» пәнінде берілген аспан әлемінің картасы осы уайымымызды күшейте түскен. Исі қазақтың құлағына әбден сіңімді болған Жеті қарақшыдан басқасын түгел лайлап бағыпты. Темірқазыққа байланған Кіші қарақшыны орыстар Малая Медведица деуші еді, біз «озық» жұрттан қалмайық десе керек оны Кіші аю деп-ақ жіберіпті. Дәл төбеде, осы Қарақшы жұлдыздарымен маңайлай оралатын, қазақ Қарақұрт деп атаған жұлдыз Кассиопея делінсе, батыс елінің Лира дегені де сол атаумен жүр. Төбеге өрмелей шығатын бұл жұлдыз шоғын қазақ Өрмекші деп атаушы еді. Жұлдыздар картасын жасағанда өздері білмесе, ең болмаса білетін кім бар-ау деп сұрау да салмағаны ғой. Ендігінің білерменінің ісі осылай болар ма.
Қазақ бір шоғыр жұлдызды Үш арқар деп атайды, оның соңына ерген жалғыз жұлдыз Сүмбіле деп бар газетке біз тіліміз жауыр болғанша жазып келеміз. Сөйтсек те кей басылымдар Үш арқарды орыстың Скорпионынан алып Сары-шаян деуден бір танбайды. Ал оқулықты Үш арқар мен Таразы бір ақ жұлдыз деп көрсеткені аспанға қарап өскен ауыл қазағының езуін жыйдырмас күлкі ғой.
Зодиактың он екі ай жұлдызының қазақы танымға сай атаулары осы оқушыларға арналған аспан әлемінің картасында орысшадан, әлгі «сенің арқаңда күн көріп жүрмінді – на твоем спине солнце вижу» деп орысшалағандай, орысшадан қазақшаға аудара салғанмен жүр. Су құюшыны қазақ Көнек, Мергенді, (Стрелец) Садақ, Ешкімүйізді (Козерог) Камбар, Бикешті (Дева) Үркер, Егіздерді (Близнецы) Қосақ деп атайтынын, олардың солай аталуының табиғат құбылысына аса байланысты екенін сан жаздық. Бірақ нәтиже жоқ.
Осы жұлдыздар картасынан жаз бен қыстың аражігін ашқандай болып көрініс беретін Босаға жұлдызын таппадық. Сол сияқты Қосақтың (жұлдыз аты қой қосақтайтын қосақтан шыққан) маңындағы ромбикті еске түсіргендей бабаларымыз Шетен (қой қамайтын орын) атаған жұлдыздар шоғы да ілікпей қалған. Картада тағы бір жұлдыздар шоғырын Вероника шашы деп те атап жіберіпті. Мен білетін қазақ оны Құлынжал дейтін тәрізді еді.
Біз ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелегіміз келсе мұның бәрін ұсақ-түйек деп қарамай, жеткіншек санасын бөтен ұғыммен уламай, қазақы дүниетанымды көкірегіне қондыра білгеніміз жөн.