“Хайп көпке ұзамайды”. Неліктен әлеуметтік желідегі жазбаларға абай болу керек?
Сарапшы Әсем Кенжебектің сөзінше, болашақта адамның цифрлық кеңістікте өзін қалай ұстайтыны бағаланады.
Инвестициялық банкир, венчурлық инвестор және AI Karal брендімен ірі Biotech стартапының негізін қалаушы Әсем Кенжебек Technowomen Central Asia форумында цифрлық репутацияның неліктен маңызды екенін айтты.
“Жақсы ат деген – атақ, абырой-бедел. Бала кезімізден бізге репутация туралы айтады. Кішкентай кезімізде ең мықты репутация – “жұрттың баласы” деген сөз болды. Бәріміз жұрттың баласын үлгі етіп өстік. Репутацияны киелі емен деп алсақ, ол – біздің өзіміз, сана-сезіміміз, қандай адам екеніміз. Ал жақсы ат – киелі еменнен түскен көлеңке”, – деп түсіндірді Әсем Кенжебек.
Маман бүгінде цифрлық репутация ұғымы пайда болғанын атап өтті. Оның сөзінше, цифрлық репутация – интернеттегі, әлеуметтік желілердегі ақпараттан адам туралы пікір қалыптастыру.
“Қазір әр адам өзінің цифрлық репутациясына мән беруі қажет. Әр жұмыс беруші міндетті түрде жұмысқа алатын адамның әлеуметтік желідегі парақшаларын қарайды. Сондықтан әлеуметтік желідегі парақшаларды қадағалаған жөн. АҚШ-қа визаға тапсырғандардың аккаунтын елшілік міндетті түрде қарап шығады. Қазір қолданысқа жасанды интеллект келді. Рейтингтер қойыла бастады. Таяуда адамды несие тарихына ғана емес, төлем қабілетіне қарай бағалайды. Не сатып аласыз, цифрлық кеңістікте өзіңізді қалай ұстайсыз, соған қарай “жасыл”, “қызыл”, “сары” түске бөліп, рейтинг жасалады. Бұл өзгеріс бізге тез-ақ келеді. Сондықтан қазірден адами ғана емес, цифрлық репутациямыздың қандай екеніне мән беруіміз керек. Әәлеуметтік желідегі аккаунттарыңызды қарап шығыңыздар, не болса соны жазбаңыздар. “Хайп көпке ұзамайды. Біздің артымызда тек жақсы атымыз қалуы керек”, – деді Әсем Кенжебек.