UNESCO тізіміне енген Қазақстандағы нысандар
1945 жылы 16 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (UNESCO) құрылды. Дәл осы күні Лондонда өткен конференцияда оның Жарғысы қабылданып, оған 37 мемлекет қол қойды. Бүгінде бұл ұйымға 193 ел мүше.
UNESCO – адамзаттың бейбіт және гүлденген дәуірде өмір сүруіне ықпал етуді көздейтін халықаралық ұйым. Басты мақсаттарының бірі – жер бетіндегі көрікті, тарихы бай мәдени жәдігерлер мен табиғи мекендерді қорғау. Тізімге енген мұралар адамзат үшін өте құнды әрі ортақ дүние саналады. Мұндай нысандарды тізімге қосу мен қорғауға алуды арнайы мамандар шешеді. Мәдени жәдігер тізімге қосылғаннан кейін халықаралық қорғау құқығына ие болып, UNESCO-ның бақылауына өтеді. Мұраны тізімге қосуды да, шығаруды да ұйымның өзі шешеді.
Қазақстаннан UNESCO тізіміне 5 нысан енген. Олар: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы таңбалы тасы, Сарыарқа даласы, Ұлы Жібек жолы және Шығыс Тянь-Шань. Соңғы екеуі Қытай мен Қырғызстан жерімен де шектеседі. Сондықтан бұл елдердегі сілемімен қоса енген. Олай болса таныс бола отырыңыздар.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
Орналасқан жері: Түркістан қаласы
Жасалу уақыты: 1389-1405
UNESCO тізіміне енген жылы: 2003
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – қазақ жеріндегі орта ғасырлық ірі сәулет өнері ескерткіші. Ол Түркістан қаласының орталық бөлігінде орналасқан.
Кесене – үлкен порталды-күмбезді мемориалдық құрылыс санатына жатады. Көптеген жазба деректерге қарағанда, болашақ құрылыс жобасына Әмір Темір тікелей өзі қатысып, негізгі өлшемдерді бекіткен көрінеді.
Кесене оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Ені – 46,5 м, ұзындығы – 65 м. Күйдірілген шаршы кірпіштен өрілген. Кесене жобасының ерекшелігі сол, онда Орталық Азия сәулет өнерінде сирек кездесетін шатыр жабу тәсілдері қолданылған.
Ескерткіште күмбезді, аркалы элементтер мол. Сәулетші-шеберлер тек аркалы күмбезді жүйенің өзіне сан түрлі әдістерді қолданған. Кесенеде аса үлкен портал (ені – 50 метрге жуық, порталдық арканың ұзындығы – 18,2 метр), бірнеше күмбез, 35 бөлме бар. Ғимараттың биіктігі 37,5 м. Сыртқы қабырғаларының қалыңдығы – 1,8-2 м, қазандық қабырғаларының қалыңдығы – 3 м.
Мешіттің батыс жақ қабырғасына Меккедегі Қағба іспетті 3,5-2,5 метрлік мозаикалық михраб орнатылған. Кесененің оңтүстік-батыс жағындағы Аллаға құлшылық етуге арналған жерасты ғибадатханалары Қ.Ясауидің тірі кезінде жасалып, кейін қайта жаңғыртылған.
Тамғалы таңбалы тасы
Орналасқан жері: Алматы облысы
Жасалу уақыты: б.з.д. II мыңжылдық — XX ғасыр басы
UNESCO тізіміне енген жылы: 2004
Алматы қаласынан 170 шақырым жерде орналасқан «Таңбалы тас» қола дәуірінен бергі біршама тарихты жасырып жатыр. Толығырақ айтар болсақ, Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қарабастау ауылының Таңбалы шатқалында орналасқан бұл тастарда 5000-дай таңба бар. Тасқа қашалып жазылған бұл таңбалардың жалпы аумағы 3800 гектар жерді алса, соның 9 гектары аса маңызды тарихи орын.
Жартастағы таңбаларды ең алғаш 1977 жылы Анна Максимованың жетекшілігі бойынша жүргізілген экспедиция кезінде зерттеген. Суреттерде жабайы аңдардың түрлері көп кездеседі. Бұғы, өгіз, қасқыр, жылқы, құлан, тауешкі бейнелерінен бөлек, шайтан бейнесіндегі адам, бетперде киген садақшы сияқты кескіндемелер де кездеседі. Суреттегі аң бейнелеріне қарап, кескіндемелерді салған қауымның негізгі күнкөріс көзі аңшылық болғанын аңғарамыз. Бұл бейнелер үлкен көлемде және терең қашалғандықтан көзге анық көрінеді. Бұл таңбалардың арасындағы өгізге мінген күн басты құдайлар, буаз сиырдың бейнелері күрделі композициялық туындыға жатады. Ал бұл суреттерге бірнеше уақыт өте қосылған ту ұстаған атты әскер, тайпа таңбалары, әскери арбалар, түйеге жегілген жүк арбалардың көрінісі бұл тарихи аумақтың маңыздылығын одан сайын арттырып тұр.
Сарыарқа даласы
Орналасқан жері: Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары
UNESCO тізіміне енген жылы: 2008
Сарыарқа даласы Қазақстан, әрі Орта Азиядағы Әлемдік мұра тізіміне бірінші болып енген табиғи нысан. 2008 жылдың 7 шілдесіне Квебекте (Канада) өткен Әлемдік Мұра Комитетінің 32-сессиясында қабылданған.
Нысан Қазақстанның далалық аймағында орналасқан жалпы ауданы 450 344 га. құрайтын екі қорықтан тұрады – Қорғалжын және Наурызым қорығы. Нысан тұщы және ащы сулы екі өзендер тобын қамтып, солтүстіктегі Арктикаға және оңтүстіктегі Арал-Ертіс бассейніне құятын өзендердің суайырығы. Сонымен қатар, жыл сайын Африка, Үндістан және Оңтүстік Еуропадан Батыс және Шығыс Сібірде орналасқан ұя салу орындарына бағыт алатын миллиондаған жыл құстары үшін маңызды аялдау аймағы саналады.
Ұлы Жібек жолы
Орналасқан аймағы: Алматы, Жамбыл облыстары
UNESCO тізіміне енген жылы: 2014
Ұлы Жібек жолының бағыттары UNESCO тізіміне енген. Жалпы жоба аясында Қазақстан, Қытай және Қырғызстанды қоса алғанда 33 нысан іліккен. Оның 8-і қазақ жерінде орналасқан. Олар: Қойлық қалашығы, Қарамерген, Талғар (Алматы облысы), Ақтөбе қалашығы, Степнинское, Ақыртас, Құлан, Қостөбе және Өрнек (Жамбыл облысы).
Батыс Тянь-Шань таулары
Орналасқан аймағы: Түркістан, Жамбыл облыстары
UNESCO тізіміне енген жылы: 2016
Батыс Тянь-Шань сілемдері Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан территориясында орналасқан. Орталық Азиядағы әлемдегі ең ірі жеті тау жүйелерінің бірі Тянь-Шаньның бір бөлігі саналады. Батыс Тянь-Шаньның кейбір бөліктерінің биіктігі 700 метрден 4 мың 503 метрге дейін жетеді.
Батыс Тянь-Шаньның Қазақстанға тиесілі аумағында Қаратау қорығы, Ақсу-Жабағылы қорығы мен Сайрам-Өгем ұлттық паркі бар.
Бұдан бөлек, ЮНЕСКО-ның мәдени жәдігерлері қатарына күй, айтыс, қазақ күресі, наурыз мейрамы, киіз үй сынды қазақтың мәдени мұралары енген.