Туды қорлағандарға тыйым бола ма?
Соңғы 3-4 күннен бері әлеуметтік желіде Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болған концерттің айналасында туындаған дау да, ашу да, халықтың талабы да толастар емес. Қоғамның қызу талқысына түсіп, ел алдында жүрген кей азаматтардың ызасын туғызғаны – «Ирина Кайратовна» деген топ пен «Шиза» дейтін «әншінің» сахна төрінде Туды умаждап тұрғаны, онысымен қоймай сахнада тұрып тексіздігін көрсеткені еді.
Санаулы күннен кейін Рәміздер күнін атап өтеміз. Ал кешегі келеңсіздік жыл сайын мемлекеттік тұрғыдан ерекше мән беріліп өткізілетін осы күннің мәнін, идеологиялық маңызын жастарымыздың санасына сіңіре алмағанымызды көрсетпей ме?
Ертесі күні ел алдына шығып, кешірім сұрапты әлгілердің бірі. Алайда ұлттың ары мен ұятын аяққа таптау кешірім сұрап құтылып кететін оңай іс емес. Өйткені Тудың қорланғаны кешірілетін іс емес. Сахна төріне шығып аузына келгендерін айтқандар тек ескертуімен құтылса, мұндай жағдай қайталана беруі әбден мүмкін. Туды мазақ еткендер тұтастай елді мазақ еткенін түсінулері қажет. Ал қалың жұрт желіккен жастарды ғана емес, осы концертке жауапты мемлекеттік саяси лауазымды тұлғалар мен Алматы қаласының мәдени іс-шараларына жауапты шенеуніктерді де жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.
Сенатор Айгүл Қапбарова екі жыл бұрын әртістердің сахнадағы жүріс-тұрысы, әдебі, мінез-құлқы, сахна төрінде әдепсіз сөз айту мен фонограмма қолдануын реттейтін заң қабылданғанын еске салып өтті.
Сенат депутаты айтып отырған заң «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады. «Маңызды құжатты қабылдау кезінде Мәдениет және спорт министрі түзетулер концерттік ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар мәселені реттейді деп сендірген еді. Алайда көріп отырғанымыздай, реттей алмады. Ендеше, қабылданған заң талаптарын қайта күшейту мәселесі туындап отыр. Заңның орындалуын қадағалайтын органдар Алматы қаласында болған концерт қоюшыларға қатаң шара қолдануы керек», деді ол.
Егер заң тілімен айтар болсақ, желіккен жастардың Туды мазақ еткені Қылмыстық кодекстің 372-бабы «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» бойынша сараланады. Ал бұл баптың санкциясы бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлағандар 2 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, болмаса сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал көптің алдына шығып бейәдеп сөз айтқаны, этикаға қайшы қылықтар көрсеткені Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы «Ұсақ бұзақылыққа» жатады. Заң бойынша қоғамдық орындарда былапыт сөйлеген адамға 5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады немесе 10 тәулiкке әкiмшiлiк қамаққа алынады. Алайда әлеуметтік желідегі пікірлерді оқып шыққанда түсінгеніміз – халық киелі сахнаның қадірін кетіргендерге қатаң шара қолдануды талап етіп отыр. Ол – ұлттық құндылығымызды таптап, сахнада боқауыз сөздер айтқан «Ирина Кайратовна» және «Шиза» есімімен танылған жастарды мүлде сахнаға жолатпау.
Негізі, биліктің басы-қасында жүргендер желіде желпінгендерді, тик-токта танылғандарды қабылдап, қолын аларда мұқият болғаны жөн. Себебі жылтырағанның бәрі алтын емес. Жастарымыздың мәңгүрттеніп, санасының улануы, ұлттық деградацияға ұшырауының бір тамыры осында жатыр. Әумесер әнші мен есерсоқ актерлердің бәрін мемлекеттік деңгейде «марапаттайтын» болсақ, «тұлға» болудың жолы осы екен деп ұғынатын жастар да солар салып жүрген сорақылықтың жолын таңдайтыны ащы да болса ақиқат.
egemen.kz(https://egemen.kz/article/313488-tudy-qorlaghandargha-tyyym-bola-ma)