Теңгенің айналымға енгеніне – 28 жыл
Бүгінгі күн еліміздің күнтізбесінде де, тарихында да орны бөлек ерекше күн. Осыдан біраз жыл бұрын 1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді. Бұл күн қазақстандық валютаның дүние есігін ашқан күн болып естептеледі.
Ұлттық валютаны «теңге» деп атауды ұсынған – Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов болды.
1993 жылдың 15 қарашасында таңғы сағат 8.00-ден қазақстандықтар банктерге ағылып, ұзын-сонар кезекте тұрып, Кеңес Одағының сомын жаңа қазақстандық теңгеге айырбастай бастайды. Ескі ақшаны айырбастау процесі 20 қарашада кешкі 20.00-де аяқталды. Ұлттық банк 1 теңгені 1000 сомға бағалаған еді. Алайда, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері мен мемлекетаралық қатынастар ескеріліп, 1 теңге 500 сом болып бекітілді.
Қазақстан КСРО ыдырағаннан кейін “рубль аймағынан” бірден шығып кете алмады. Себебі өз банкнотасын шығаратын жеке фабрикасы мен Монета сарайы жоқ еді. 1992 жылдың 27 тамызында Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне ұлттық валютаны әзірлеуге кіріскен Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. Алғашқы теңгелер әйгілі “Харрисон және ұлдары” фабрикасында басылып шықты. Ұлттық валютаны Қазақстанға жеткізу құпия жолмен жүргізілді. Құжаттың барлығына “Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына қажет мүлік” деп жазылған. Ұлттық валютаның алғашқы партияларын сақтау үшін облыстарда жерасты қойма дайындалды. Сегіз күн ішінде валюта облыстар мен аудандардағы банктерге түгел таратылды.
Қажет жабдықтар мен заманауи технология алынған соң, теңгені өзіміздің мамандар шығаратын болды. 1995 жылдың мамыр айында тұңғыш банкнот фабрикасы ашылды. Қазір банкнота Ұлттық банктің Алматыдағы Банкнот фабрикасында, ал монета Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.
Теңге банкноталарының тарихында негізгі 3 серия болды: портреттік серия, “Бәйтерек” сериясы, “Самұрық” сериясы.
Қазіргі теңге материалының 20 деңгейлі қорғаныш қабаты бар. Ол әлемдегі ең жақсы қорғалған валюталардың қатарына енеді.