Тау жүрек
Көктемнің жазға ұласар шағында қыр алабы көкпеңбек түске боялатын. Тасбақа гүл деп аталар сары гүлдер самсап, шат-шадыман ететін. Махаббат пен жарқын өмір ғана бар еді онда, бауырым. Дүниеде әділетсіздік оты жанады десе сенбес едік. Сөреде тұрған «Аманат» атты күрең түсті кітап қиялымызды қоздатып, мың бір түн аралдарына сүйрей жөнелетін.
Поэзияға әр ақынның бойлауы әртүрлі болар. Мәселен, Гете үшін өлең дегеніңіз болмыстың бір бөлшегі болса, Алаш қайраткерлері үшін поэзия ұлтқа қызмет етудің, ағартушылықтың аспабына айналды. Ал Мұқағали… Мұқағали поэзияны бүкіл болмыс деп түсінді. Өлеңнен басқаны мұрат тұтпады, мақсат етпеді. Әр тынысы, үні, қысқа ғұмыры поэзияның гүлалқаларына көмілді. Солайша ғайыптан құйылған снарядтай қуаттарды жалғыз қабылдап, жан азасымен арбасты. Оқырман кеудесін балқытып жіберер арынды жырлар ақын жанында көріктей қорытылғанда бұл алуан күйге қалай ғана төзді екен? Жыр құйылып біткенде қандай ғана ләззатты сәтке тап болды екен?
«Бүкіл дүние жамандықтарын
Артыңдар маған, көтерем!
Қарызым болсын өтеген,
Жауыздық біткен менімен
ғана бірге өлсе,
Бүгін-ақ өліп кетер ем».
Мұқалағи өзін тудыру арқылы, тұтас адамзатқа айналды. Өзін зерделеу арқылы бүкіл адамның қайғысы мен қуанышы бір екенін сезінді. Бүкіл адам кәусар мекенге енуі үшін тамұқтың ауызын қалқан денесімен жауып тұруды қалады. Жүрек түбіне енген ақынға махаббат ұялады, нұр сіңді. Сондықтан да ол қайың бұтағын дене мүшесіндей етіп көре алды, жаһан жамандықтарын артып бақиға аттануға даяр тұрды.
«Ақын болып несіне жаратылдым,
Қап қойдым арасында қара түннің.
Қасиетін сезем деп ана тілдің,
қауырсыны қалмады қанатымның.
қу тірлікке құл болып, аяң басып,
құлашымды жая алмай баратырмын».
Ақындық тек ана тілдің қасиетін сезіну ме? Жо-жоқ. «Ана тілі» сөзіне символикалық астарлы мағынада үңілгеніміз жөн болар. Ақын жалпы жұртқа беймәлім сырларды көруші, хабар беруші. Біз маңдайдағы көзбен көріп отырған айналамыздағы құбылыстар дәл мұндай меңіреу-мылқау емес. Басқалар бір қарап өте шығар көкорай шалғын, жөке, қайың, құстар, жаңбыр суы, жел дауысы, бөтен кісі жымиысы – бәрі бір қалыпта ғана тұрған, себеп-салдарсыз жансыз дүние емес. Ақын жүрек көзімен үңіліп осы бір қоршаған ортаның ешкім көрмеген, ешкім естімеген жұмбақтарын сезінуші, тамсанушы, адамдардың бейғам өміріне налушы. Бәрі үшін бір өзі мұңаюшы, бәрі жылыну үшін махаббат ошағына айналушы.
«Meн сені сүйгем
Жаныммен сүйгем,
Жарық Күн!
Жатсам да сүйем тұңғиығында
тамұқтың.
Ақ сәулең сенің аймалап мені,
жарық күн,
Тұрған да болар үстінде
мынау табыттың.
Ғарыштан құйған ғаламға
ортақ шуағың,
Сезгемін, білгем,
мен үшін бір күн тынарын.
Тастама мені,
тастама мені, шырағым,
Шуағың түссін, шөп болып, мейлі,
шығамын».
Мұқағали жаны жарыққа ғашық. Қайбір жыры да жарықтан түскен шұғылаға малынған. Оқырманға үміт, қуаныш, тәтті мұң сыйлайтыны да сондықтан. Тазалық – ақынның басты қаруы. Мөп-мөлдір жан талшықтары жырға ұласып көңілге сіңіп, шексіздікке батырады. «Құдай храмындай» тұла бойын алапес заманға бұрмай, ақ қалпында сақтаған ақын жүрегі алып таудай, алып жанартаудай.
Күрең күз келгенде бір өлең еске түседі. Сол әнмен бірге шымқызыл жапырақтар шашылған бақта әлдебір сұр плащ киген кісі жүріп бара жатқандай… Бірақ ол бұрылмайды. Бағыты – болашақ.
«Ақын кетiп барады көшеменен,
Екпiнiнен бiр дауыл еседi ерен…»
Дереккөз: egemen.kz