Тарифтің қымбаттауы: Қазақстанда жылу жеткізуші компаниялар тексеріле бастады
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті азаматтардан келіп түскен шағымдардан кейін елдің бірқатар өңірінде жылу энергиясын жеткізетін субъектілерге қатысты жоспардан тыс тексеру бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәлім етілгендей, 2020 жылғы желтоқсанда коммуналдық төлем үшін түбіртектерде жылу ақысы әдеттегіден жоғары келген. Осы орайда, азаматтардан өтініш-шағымдар түскен.
Комитеттің Нұр-Сұлтан қалалық департаменті жылу үшін негізсіз ұсынылған шотқа қатысты елорда тұрғындарының шағымдары негізінде «Астана-Теплотранзит» ЖШС-ға тексеру жүргізді.
Сондай-ақ, Қарағанды облысы бойынша ТМРКД жылу энергиясын өндіруші «Караганда Энергоцентр» ЖШС-ға қатысты тексеруді бастады. Онда Қарағанды тұрғындарына жылумен жабдықтау қызметтерін ұсыну сапасына субъектінің қызметі тексерілетін болады.
Қостанай облысында да «Қостанай ЖЭК» МКК-ға қатысты жылумен жабдықтауға ұсынылған шоттардың негізділігі бөлігінде тексеру басталды.
Қалған өңірлерде жылумен жабдықтау үшін негізсіз шоттар ұсыну тұрғысынан жылумен жабдықтау ұйымдарының қызметі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде», – делінген ҚР ҰЭМ ақпаратында.
Атап өтілгендей, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменттері өткен жылғы желтоқсан айында сыртқы ауа температурасының көтерілуіне байланысты себептерден басқа, жылу үшін жоғары төлемдер қою негізділігіне талдау жүргізетін болады.
«Тексеру қорытындысы бойынша Тарифтік реттеуші жылу берушілер тарапынан қандай да бір бұзушылық анықталған жағдайда, монополистерге қатысты тиісті шешім қабылдайды. Сондай-ақ халыққа жылу үшін қайта есептеу жүргізеді.
Бұдан бөлек, Табиғи монополияларды реттеу комитеті жыл сайынғы негізде жылу есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын қайта есептеуді жүргізіп жатқандығын қосымша хабарлаймыз. Өткен жылыту маусымында тұтынушыларға 736,8 млн. теңге қайтарылды», – деді министрліктен.