Хабар

«ҰЙЫҚТАП ЖАТҚАН ЕШКІМ ЖОҚ»: «ЖАҢА FM» СТУДИЯСЫНДА ҚОНАҚТА – ЕРМАҒАНБЕТ БӨЛЕКПАЕВ

Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «ЖАҢА FM» радиосына сұхбат берді. Әкіммен «Сәтті күн» ақпараттық-танымдық бағдарламасының жүргізушісі Айжан Керім әңгімелесті. Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін таразылаған екеуара сұхбат қоғамдық көліктер, автокөлік жолдары, эпидемиологиялық жағдай сынды өзекті мәселелер аясында өрбіді.


Шаһар басшысының айтуынша, оның таңы аудан әкімдері мен қала тазалығына жауапты мамандармен бірлесіп, жоспар бойынша белгіленген нысандарда абаттандыру, тазалық, қоқыс шығару жұмыстарының орындалуын қадағалаумен басталады. Таңғы сегізде облыс әкімі өткізетін күнделікті жиында қаладағы эпид-ахуал жайын баяндайды.

Сұхбат барысында орталық саябақтағы көлдің тазалығы да қозғалды. Ермағанбет Қабдоллаұлы қызметіне келген кезде, бірінші кезекте, осы көлдің жағдайын эколог мамандармен талқыға салғанын айтты.

“Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Қазіргі таңда саябақ қызметкерлері тазалық жұмыстарын өздері жүргізуде. Күз мезгілінде бактериялық тазалау жоспарлануда. Ең әуелі, көлге құятын Бұқпа өзенін тазарту қажет. Ол үшін біз мемлекеттік сатылым сайтына конкурс жарияладық”, – деп тарқатты.

Әкім Әлихан Бөкейхан ауданының тұрғындары үшін «Сүйінші» жаңалықпен бөлісті. Алдағы жылдары аудан тұрғындары су жаңа саябақта серуендейтін болады. Аталмыш парктің жобасы да дайын тұр. Ендігі кезекте байқау жарияланып, құрылыс жүмыстарының басталуы ғана қалды.

Ал, көпшілік тарапынан жиі шағым түсетін қоғамдық көліктегі қызмет көрсету сапасы мен электрондық төлем мәселесі жыл соңына дейін шешімін табады. Алматылық «Оңай» компаниясының қызметін пайдалатын боламыз. Оған дейін автопарк қызметкерлерінің жалақысы, автобустардың саны, сапасы, бағыты, уақыт интервалы сынды проблемалармен жұмыс жасалады. Таңғы және кешкі уақыттарда Майқұдық, Пришахтинск аудандарынан теміржол вокзалына дейін электр көлігін жүргізу жоспарлануда.
Қала басшысы жыл басынан бері шаһарда 19 автожол жөндеуден өткендігін тілге тиек етті. Оныі ішінде Үлкен Михайловка, Күнгей, Сұрыптау аудандарында, Жетінші магистраль, Республика-Кеншілер жолайрығы, Терешков, Сәтбаев көшелерінің бойындағы жолдарда жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қаладағы ең үлкен, ұзындығы он екі шақырымды құрайтын Карл Маркс-Магнитагорская көшелерінің бойындағы жолдың 75%-ы жөндеуден өтті. Жақын арада бағдаршамдар, жарық бағаналары мен аялдамалар орнатылады.

“Ендігі жылы мәдениет үйі мен орталық әмбебап дүкен алдындағы жерасты жолдары жөндеуден өтетін болады. Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларына газ құбыры тартылады деп күтілуде. Жоспар өте көп. Тұрғындар тарапынан танытылған әрбір арыз-шағым қаралады. Барлығы өз уақытымен атқарылады. Жыл соңында өздеріңізбен қайта қауышып, еңбектің нәтижесімен бөлісуге дайынмын”, – деп қала әкімі сөзін түйіндеді.

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button