Хабар

Таңсәрі, намаздыгер, алагеуім және іңір. Тәуліктегі уақыт атауларын білесіз бе?

Қазақ халқы уақыт өлшемдерінің атауларын мифтік таныммен байланыстыра білген.

Көшпелі елдердің таным-түсінігінде уақыт үлкен рөл атқарады. Көкжиектің батыс жағы өлімді, ал шығыстан атып келе жатқан таң өмірді білдірген. Қазақтың “Таң атты” және “күн батты” деген сөздерінің астарында осындай түсінік жатыр. Мұнымен қатар, уақыт өлшемдерін қазақ халқы адам өмірімен байланыстырып, өмір мен өлімнің, жақсылық пен жамандықтың, жастық пен кәріліктің күресі ретінде сөзбен бейнелеген.

Уақыттың түрлі үзігі көшпелілер үшін әртүрлі мағынаға ие болған. Бұл материалда бір тәулік ішінде қолданылатын қазақы ұғымдардың мән-мағынасын баяндаймыз.

Қазақша тәулік мезгілінің атаулары

“Ұлттық дүниетаным” еңбегінде Аюбай Құралұлы тәулік мезгілдерін бірнеше топқа жіктейді:

1. Таң, таңертең деген мезгіл атауының синонимдері:

Алагөбе, алаң-елең, алаң-ғұлаң – таңғы мезгілде айнала әлі жарықтанбай, бозғылт тартқан кезі.
Құлан иек, құлан сәрі – таң жаңа сыз беріп ата бестаған кез.
Таңсәрі – жерге жарық түсе бастаған кез.

2. Күн көкжиектен көтерілген сәт:

Сиыр сәске – күн арқан бойы көтерілген кез.
Сәске түс – түскі уақытқа жақын кез.
Ұлы сәске – тал түске жақын кез.

3. Күннің орта мезгіліндегі атаулар:

Тал түс, талға түс, тапа-тал түс – күннің қатты ыстық болған кезі.

4. Күн еңкейген сәт:

Ұлы бесін – бесін намазын оқитын кез, түс ауған шақ.
Кіші бесін – ұлы бесін мен намаздыгер арасындағы мезгіл.
Құлама бесін – күн еңкейген сәт.
Екінті – түс ауып, күн батуға жақындаған мезгіл, бесін мен ақшам арасы.
Намаздыгер – күн еңкейіп ұясына кіруге таяған кез.

5. Күн ұясына батқан сәт:

Алагеуім – күн алакөлеңке, ұясына бата бастаған мезгіл.
Геуім, кеуім – қараңғы түсе бастаған кез, ымырт.
Намазшам – кешкі намаз оқылатын кез.
Кеш – ымырт жабылып, қас қарайған кез.

6. Түнгі уақыт:

Түн – тәуліктің кештен таңертеңгі уақытқа дейінгі аралығы.
Іңір – күн батып, қас қарайған мезгіл.
Қызыл іңір – қас қарайып, түн болған кез.
Жарым түн – түннің ортасы.

Көшпенділердің уақыт пен кеңістік туралы түсінігі

“Көшпелі қазақтың уақыт пен кеңістік туралы таным-түсінігі кең мағынасында екі түрлі межелік категориямен парықталады. Оның біріншісі – мифтік уақыт пен кеңістік, екіншісі – нақты уақыт пен кеңістік”, – деп жазады марқұм Ақселеу Сейдімбек.

Ол нақты уақытты келесіше жіктейді:

экологиялық уақыт;
генеологиялық уақыт;
ситуациялық уақыт;
тарихи уақыт.

Жалпы тәулік кезеңдері атауларының синонимдік қатар құру қабілетін сөз ететін болсақ, Әсет Болғанбаевтың синомдер сөздігіне алдымен көңіл бөлеміз. Сөздікте тәулік мезгілдері атауларының 13 атауы бар. Оларды ғалым 4 синонимдік қатарға орналастырған:

Ымырт, іңір. Мысалы, ымырт түсіп, іңір қараңғысында;
Алагөбеде, алагеуімде, таң сәріде, құлқын сәріде, елең-алаңда, ала көлеңкеде, сәріден;
Арай, шапақ. Мысалы, таңның арайы, қызыл арай;
Ертемен, ертеңгісін. Мысалы, ертемен тұрып, ертеңгісін оянып.

Мұнымен қатар, ғалымдар жүйедегі атауларды мағынасына қарай жіктеген:

Табиғат құбылыстарына байланысты атаулар. Мысалы, таң шапағы, күн шығарда, күн қылтиды, шолпан туғанда, жұлдыз толғанда, жұлдыз түн, жұлдыз сөне.
Діни әдет-ғұрыптарға байланысты атаулар. Мысалы, азанда, бесін, бесіндік, ұлы бесін, кіші бесін, екінді, намаздыгер, намазшам, құптан.
Адамның қимыл-әрекетіне, төңіректі қабылдауына байланысты атаулар. Мысалы, ел жатар кез, көз байлаған кез, ел тұрмай, қатын бесін, күн жамбасқа келе, көз байланды, қас қарайды, шам жаға, ел аяғы басылды, жұрт аяғы саябырлады, ел орынға отыра, ел жатар-жатпаста, ел жатарда, ел жата, жұрт көзі ұйқыға тіреле, жатар орынға, бір ұйықтап оянған шақ, түннің бір ұйқысында, таңға бір ұйқы қалғанда.
Шаруашылыққа, төрт түлікке байланысты атаулар. Мысалы, қозы түс, сиыр сәске, мал өрмей, мал өргенде, бие байлар кез, сиыр түс, тайдай тал түс, мал өрістен қайта, мал қоралана.
Жан-жануар, құстарға байланысты атаулар. Мысалы, торғай шырылдағанда, тауық шақыра, бозторғай шырылдағанда, құзғын сәрі, таң құланиектегенде, құлан сәрі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button