Соғым шүйгінді ме, сүйкімді ме: қайсы дұрыс?
Қазақ әдетте тілек айтуды “қатырады”. Жылы лебіз білдіру үшін жанға шуақ, іске қуат беретін сөз айта білген. Қазір соғым уақыты. “Соғым шүйгін болсын”, “соғым сүйкімді болсын” дегенді жиі еститін, айтатын болдық.
Алайда кей көзі қарақты қауым “мұндай сөз дұрыс емес, қазақ тілінде ондай жоқ” дегенді айтып жүр.
Осының анық-қанығын білу мақсатында тілші ғалымдардан сұрап көрдік.
Белгілі ғалым, профессор Нұргелді Уәлидің айтуынша, соғымы шүйгін болсын дегенде тұрған әбестік жоқ. Себебі қазақ тілек айтпаса тұра алмайтын халық, тілек айту – қанына сіңген.
“Қазақ – этика мен мәдениетті тамаша игерген, түйсіне алған халық. Әрқашан жақсы тілек айтып, сөйлесушімен, айналасымен жағымды қарым-қатынас орната алған. Ешқашан тоң-торыс жүрмеген. Ал тілек айту – бұл шынайы ниеттен туатын дүние. Ешкім қинап, тілек айттырмайды. Кетіп бара жатқанға да, келгенге де тілек айтады. Ендеше соғымың шүйгін болсын деп айту – халқымыздың сөзсаптамына сай қолданыс. “Соғым шүйгін болсын” тіркесі тілдік норма заңдылығы тұрғысынан алып қарасақ, ешқандай теріс қолданыс емес, нормаға сай тіркес”, – дейді ғалым.
Профессордың айтуынша, соғымның шүйгін болуы шөптің шүйгін болуымен тікелей байланысты.
“Шөп көктемде не жазда шүйгін бола алмайды. Шүйгін дегеніміз – шөптің бүкіл нәрі мен қорегінің бетке шығуы. Яғни, ол құбылыс – күзде болатын нәрсе. Күзде шөптің ұшына бар шүйгіні шығып, мал содан семіреді. Соғымның күзде сойылатыны да сол. Малды шүйгінге бағу, шүйгіндету, шүйгіту – құнарлы жерге оттатудың белгісі”, – дейді профессор Н.Уәли.
Ғалым, филология ғылымдарының докторы Рүстембек Шойбековтің айтуынша, “соғым шүйгін болсын!” деген тілек қазақта бұрыннан бар. Бірақ сүйкімді болсын дегенге қарағанда шүйгін деп қолданған дұрысырақ.
“Соғым шүйгін болсын дегені – соғымның еті жеуге тұрарлық, дәмді, майлы болсын дегені. Соғымның шүйгін болуы – бұл молшылықтың белгісі”, – деп түсіндірді ғалым.
Ал жазушы-этнограф Төрехан Майбастың айтуынша, қазақта “соғымың шүйгін болсын” деген де, “соғымың сүйкімді болсын” деген де сөз бар. Екеуі жарыспалы қолданылады.
“Қазақ жылқыны сойғанда “шүйгін болсын”, ірі қара сойғанда “сүйкімді болсын” дейді. Жылқы малының шүйгіндігі қабырғасындағы қыртысымен белгіленеді. Оны қазы дейді. Оның өзі саусақ өлшемімен өлшенеді. Пышақ сырты, бармақ, елі, екі елі, үш елі, төрт елі, табан, сере деп кете барады. Бұл жерде байқағыш адам сырт тұрған екі өлшемді анық көреді”, – деп түсіндіреді этнограф.
Қ. Слямбек