Шетелдік көлікті аларда абайлаған жөн
Соңғы кездерде шетел азаматтарының Қазақстан аумағына көлік құралдарын уақытша алып келу оқиғалары жиілеп кеткен. Бұлар негізінен Грузия мен Әзербайжан азаматтары. Олар «өзіміз мінеміз» деп әкелген көліктерін қазақстандықтарға нарықтағыдан арзан бағаға сатады. Бірақ мұндай автомобильдердің көбі кеден жағынан «таза болмай» шығады екен.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның хабарлауынша, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағына басқа елдерден (яғни ЕАЭО құрамына кірмейтін мемлекеттерден) уақытша әкелінген көлік құралдары шетелдік тауарлар болып саналады және кедендік бақылауда болады. Сондықтан мұндай көліктерді Қазақстан аумағында пайдалану үшін алдымен кеден жағынан тексеріп, алымдар мен салықтарды төлегеннен кейін ғана қолдануға рұқсат беріледі. «Шетелдік азаматтар «өзіміз пайдаланамыз» деп сырттан көлік кіргізгенімен оны қазақстандықтарға сату мақсатында тасымалдайтыны байқалуда. Өйткені олар көлік құралын әкелгеннен кейін біраз уақыттан кейін өздері Қазақстан аумағынан кетіп қалады, ал көлігі кедендік тазартудан өтпестен елімізде қалады. Ал заң бойынша уақытша әкелу мерзімі аяқталғаннан кейін (бұған бір жыл уақыт беріледі) автокөлік құралдары ЕАЭО аумағынан шығып кетуі қажет. Егер шығып кетпесе, ЕАЭО-тың қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолданылады», дейді А.Сартаева.
Комитет полиция департаменттерімен бірлесе отырып, арнайы рейдтік шаралар жүргізген. Осылайша, уақытша жүру мерзімі аяқталған 116 автокөлік құралын анықтаған. Бұл автокөліктер қазіргі таңда уақытша сақтау қоймаларына орналастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастырамыз, дейді мамандар.
Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан азаматтарынан жеке пайдалануға арналған автокөлікті сатып аларда абай болып, еліміздің заңнамасын сақтауға шақырады.
«Егер сатып алғалы жатқан автокөлігіңіздің шығу тегі немесе заңдылығы күдік туғызар болса, онда Қазақстанда кедендік тазартудан өткені және тиесілі кедендік алымдар мен салықтар төлегені туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарынан білуге болады. Ол үшін Комитетке (тел: 8 7172 71 77 24) немесе тұрғылықты мекенжай бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне және ҚМ МКК байланыс орталығына хабарласуға болады», дейді А.Сартаева.
egemen.kz(https://egemen.kz/article/319134-sheteldik-kolikti-alarda-abaylaghan-dgon)