Шұғыл ақпарат. Елдегі қазіргі жағдай туралы мәлімет
Үш мыңнан астам адам ұсталды. 26 қаруланған қылмыскердің көзі жойылды. Тағы 18 қылмыскер жараланды. Бұл Ішкі істер министрлігі таратқан мәлімет.
Ал Қызылорда облысында лаңкестікке қарсы операция жалғасып жатыр. Өңірде төтенше жағдайдың қызыл деңгейі жарияланған. Қылмыскерлер полиция, сот, морг, жедел жәрдем ғимараттарын шабуылдады, облыс әкімдігінің ғимаратына айтарлықтай зақым келтірді. 168 адам қала ауруханаларына келіп, оның 77-сі жатқызылды. 38 адам жансақтау бөліміне түскен. Қайтыс болғандар бар.
Шымкентте тәртіпсіздіктер кезінде «Сергек» камералары талқандалған. Түркістан сарайы ғимаратына айтарлықтай зақым келген. «Метро» сауда орталығы тоналды. Құрылыс компаниясының әкімшілік ғимараты талқандалды. Көрме орталығының бір бөлігі отқа оранды. 4 автобус өртеліп, жедел жәрдем көлігіне шабуыл жасалды. Қарапайым тұрғындардың көліктері талқандалды. Қазір қалада жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр.
БҚО, СҚО және Қостанай облысында тәртіпсіздіктер болған жоқ. Ахуал жергілікті биліктің бақылауында.
Түркістан облысында азаматтық белсенділер жергілікті билікке жәрдемдесіп, қоғамдық тәртіпті бақылауға атсалысып жатыр. Өңірдің адам көп орналасқан аудандарында коменданттық сағат енгізілген. Жағдай бақылауда.
Қарағанды облысында 109 сенім шұғыл желісі іске қосылған. Ол тәулік бойы жұмыс істейді. Жағдай толық жергілікті биліктің бақылауында.
Ақмола облысында ахуал тұрақты. Құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіпті бақылауға көмектесу үшін халық достығы құрылып, жұмыс істеп жатыр. Ол «Ақмола қауіпсіздік аумағы» деп аталады.
Атырау облысы 6 қаңтардың кешкі уақытындағы жағдай бойынша алаңдағы шерушілер өз еркімен тарқады. Ал қалғандары төтенше жағдайдың режимін бұзғаны үшін қамауға алынды. Жалпы тәртіптсіздік кезінде 4-і мен 6-сы аралығында 48 адам денсаулық сақтау ұйымдарына жүгінген. Оның ішінде 36 ішкі істер орган және әскери қызметкерлер, 12-сі тұрғын. 5 қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде бір адамға оқ тиіп, қаза тапты. Қазір өңірде ахуал тұрақталып келеді.
Алматы облысында ахуал толық жергілікті биліктің бақылауына алынды. Жағдайды қалыпқа келтіру үшін тиісті шаралар қолданылып жатыр, лаңкесттіке қарсы аймақтық жедел штаб құрылған. Бұған дейін жаппай тәртіпсіздік облыс орталығында болған еді. Облыстық әкімдік ғимарат, полиция департаменттеріне шабуыл жасалып, арнайы көліктер өртелді. Сауда орталықтары мен тұрмыстық техника дүкендері тоналды. Тәртіпсіздіктер салдарына 68 адам дәрігерлердің көмегіне жүгініп, 17 адам ауруханаға жатқызылды. Құқық қорғау органдарының 4 өкілі жансақтау бөлімінде жатыр.