Республикалық маңызы бар жолдар бақыланады
Күннің күрт бұзылуына орай күре жолдардағы бақылау күшейтілді.
Мамандардың айтуынша, қар тәулік бойы тазартылып, құм-тұз қоспалары уақытылы себіліп жатыр. Бұл шаруаға 300-ден астам арнайы техника мен 400 жұмысшы жұмылдырылды. Қазір республикалық маңызы бар жолдар ашық.
Бірақ «Қазгидромет» жолаушылар мен жүргізушілерді сақ болуға шақырады. Себебі бүгін елдің басым бөлігінде жаңбыр, боран мен көктайғақ болады деген болжам бар. 17 өңірде дауылды ескерту жарияланды.
Қарағандыда 15 қарашада түнде және таңертең қалың қар жауады деп күтілуде.
Ұлытау облысының басым бөлігінде көктайғақ, бұрқасын күтіледі, жолдарда қар жауады. Батыстан жел соғады, облыстың басым бөлігінде жел екпіні 17-22 м/с, облыстың солтүстік-шығысында екпіні 28 м/с. Жезқазғанда кей жерлерде көктайғақ күтіледі. Батыстан екпіні 17-22 м/с жел соғады.
Штаттан тыс жағдай туындаса, 1403 нөмірі арқылы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына хабарлау керек. Сall-орталық тәулік бойы жұмыс істейді.