Постковид синдромы деген не және оны емдеуге бола ма?
№9 қалалық емхананың инфекционист-дәрігері Арайлым Ералы постковидтық синдромның негізгі белгілерін сипаттап берді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің ресми сайты.
Постковидтық синдром – коронавирустық инфекцияның салдары, бұл ауруды бастан өткерген адам ұзақ мерзімді әсерінен зардап шегеді. Дәрігерлер оны «ұзаққа созылған ковид» деп те атайды, ол 4-12 аптаға дейін созылуы мүмкін.
“Постковидтық синдром мультисистемалық зақымдануды тудырады, яғни барлық мүшеге зақым келтіреді. Ең алдымен, жүрек-тамыр жүйесі зардап шегеді. Сол сияқты бірден болмаса да вирустық миокардит байқалады, ал бірнеше айдан кейін қан қысымының ауытқуы шығады. Бұдан бөлек постуральды ортостатикалық тахикардия синдромы, өкпе фиброзы, өкпе тіні жасушаларының бұзылуы, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, бүйректің зақымдануы, ісіну, сұйықтықтың сақталуы, бауырдың зақымдануы бар. Кейбір науқастар көру қабілетінің бұзылғанын, бұлшық еті ауыратынын айтып жатады. Кез келген түрдегі коронавирус бұлшықет жағдайына әсер ететін ақуыз мөлшерін едәуір төмендетеді”, – деді дәрігер.
Сонымен қатар коронавирус адамның психикасы мен эмоционалды жағдайына әсер етеді. Кейіннен ұйқысыздық, шамадан тыс ұйқышылдық, ұйқының инверсиясы пайда болуы мүмкін, ұйқы режимі бұзылып, күні мен түні ауысып кетуі мүмкін.
“Коронавирус адамның психоэмоционалды денсаулығына теріс әсер етеді. Депрессиялық көңіл күй, көңілсіздік сияқты әсері байқалуы мүмкін. Кейде тіпті суицидтік ойлар келеді. Көңіл күйдің күрт өзгеруі, өзін-өзі бақылаудың төмендігі, үрейлену, тұншығу, жүрек айну, қысымның жоғарылауы және бас айналу секілді өзгерістер де болады”, – деп түсіндірді Арайлым Ералы.
Бас ауруы да болуы мүмкін, өйткені коронавирус жүйке жүйесіне де әсер етеді. Инфекционистің пікірінше, адамның терморегуляциясы жиі бұзылады. Яғни субфебрильді температура ұзақ уақыт сақталады – 37-37,5 градус немесе керісінше төмен температура – 36 градусқа дейін (гипотермия), бұлшықеттің дірілдеуі мен қалтырауы қатар жүреді.
Терінің қышуы, сезімталдық, иіс пен дәм сезу жүйелерінің бұзылуы бірнеше айға созылуы мүмкін.
Дәрігер постковидті синдроммен емдеуді аясы тар мамандар мен реабилитолог тағайындайтынын атап өтті.
“Ковидтен кейінгі науқастарды оңалтудың негізгі бағыты – тыныс алу, бұлшықет қызметі, неврологиялық, психологиялық, танымдық және коморбидтік бұзылыстардың қалпына келуі. Сондай-ақ кеш тромбоздың және тромбоэмболияның алдын алу, ұйқының бұзылуын ретке келтіру, стрессті, мазасыздықты, депрессияны жеңу. Сәйкесінше, дәрігер-реабилитолог пациенттің мәліметтерін, анамнезін, жалпы клиникалық тексерісін, зертханалық деректерін ескере отырып, қорытынды жасайды, негізгі диагнозды белгілеп, оңалтуға жібереді”, – деп түсіндірді ол.